Александр Невскийдің көпті наразы қылған ескерткіші тұғырға қойылды
Қоғам наразылығына қарамастан, бүгін Алматы қаласындағы Александр Невский шіркеуінің ауласына Александр Невскийдің ескерткіші қойылды, деп хабарлайды KZNEWS сайты.
Александр Невскийдің ескерткіші бүгін сағат 11-00 шамасында арнайы жүк көлігімен шіркеу ауласына жеткізілді. Қазір алдын-ала дайындалған тұғыртасқа ескерткішті орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Біздің тілшілер сол маңда жүрген діни киімдегі, аты-жөнін атаудан бас тартқан азаматқа бірқатар сұрақтарын қойған еді.
— Бұл ескерткішке халық қарсылық жасап жатқанын естідіңіздер ме?
— Естіп жатырмыз. Жұмысшыларға кедергі келтірмеңіз. Суретке де түсірмеңіз. Мұны жариялаған соң, жағымсыз әңгімелер айтылады. Шу шығарудың қажеті жоқ.
— Егер бәрі заңды болса, неге жағымсыз әңгімелер айтылады деп ойлайсыз?
— Президент қол қойды. Әкімшілік аула сыртына қоюға рұқсат етпегенімен, ішіне қоюға рұқсат берді. Бұл жер жекеменшіктегі аумақ саналады. Енді міне, әулие Александр Невскийге ескерткіш қойып жатырмыз.
— Халық неге наразы болып жатыр деп ойлайсыз?
— Кешіріңіз, неге наразы болып жатқандарын білмедім.
— Ескерткіштің ашылу салтанаты қашан өтеді?
— Ертең, 12-00-де.
— Ескерткіштің демеушілері бар ма? Кім қаржыландырды?
— Қаржы шіркеуге ғибадат етуге келушілерден жиналды. Көптің садақаға берген ақшасының басын қосып, әулие Невскийге ескерткіш орнатуды шештік. Кім қанша ақша бере алады, соны алдық. Ешкімді қинаған жоқпыз. Александр Невский — әулие адам, ол монах. Біз оны батыр деп емес, қасиетті әулие адам ретінде танимыз.
Шіркеу қызметкері тілшіміздің басқа сұрақтарына жауап беруден бас тартты.
Бұған дейін, аталған шіркеудің ресми таратқан ақпараттарында ескерткіш Ресей Федерациясы президентінің көмекшісі, бұрынғы мәдениет министрі, профессор В. Мединскийдің бастамасымен және қаржылай көмек көрсетуімен жасалып жатқаны айтылған болатын. Ескерткіш авторы Ресей суретшілер академиясының академигі, Ресейдің Халық суретшісі, профессор С. Щербаков екені белгілі болған.
Ертең, 13 шілде күні көптің наразылығына қарамастан, шіркеу ауласында Александр Невскийдің ескерткіші ашылады. Ашылу салтанатына Астана және Қазақстанның митрополиті Александр қатысады деп күтілуде.
Қанат Бірлікұлы