«Қазанмен тамақ көтеріп әкелетін»: Енесі Роза Рымбаева туралы айтқан Ақерке Бүркітбай көзіне жас алды
Жұлдызды әулеттің келіні Ақерке Бүркітбай Айнұр Ілиясоваға берген сұхбатында өзіне қолдау көрсеткен Роза Қуанышқызына алғысын білдірді. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Қиын кезеңдерде екі ұлды дүниеге әкелген Зейіннің әжесі, анама үлкен алғыс білдіремін. Бөпем қырқынан шыққанға дейін маған көмектесті. Өзімнің анам Атырауда, ол кісі ақылын айтып тұрады, өзі бес баланың анасы. Енем қасымызда, көрші тұрамыз. Қырық күнге дейін сорпасын дайындап, өзінің үйінен қазанмен тамақ көтеріп әкелетін. Сол сәттерді есіме алсам көзіме жас келеді. Анам өз тарапынан үлкен қолдау көрсетті. Ер адамдар барынша көмектесуге тырысады, бірақ өз басынан өтпегеннен кейін олар әйелдің жан дүниесін түсіне бермейді. Ананы ана түсінеді. “Ерке, не жейсің? Сорпа ішесің бе, қазы жейсің бе? Не әзірлеп берейін?” деп асты-үстіме түседі. Сондай сөздің өзі жүргіңе жылу сыйлайды. Перзентханадан шыққан соң үйге қонақтар көп келді. Анам маған бірден: “Ерке, демал. Қонақ күтпейсің, ыдыс жумайсың. Балаңның қасында бол. Балаңа керексің” деді. Сырттай қатал көрінгенімен, маған өте мықты қолдау көрсетті”, – дейді Ақерке көзіне жас алып.
Өнер иесі әжесә мен немересінің арасында ерекше байланыс барын да жасырмай айтып берді.
“Зейін мен әжесінің ерекше байланысы бар. Ол әжесіне қарап күліп, әңгімелесіп, уілдейді. Әли маған: “Ерке, ойлап көрші, ертең Зейіннің де баласы болады. Сонда қандай сезімде боласың?” деген де мен тіпті махаббаттың шексіздігін көз алдыма елестете алмаймын”, – дейді жас ана.