Елімізде мемлекеттік білім беру гранттарының тізімі жарияланды

0

Елімізде жоғары білім берудің барлық деңгейлері бойынша 2023 — 2024 оқу жылына арналған білім беру гранттарын бөлу тізімі жарияланды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ғылым және жоғары білім министрлігі дерегіне сүйенсек, биыл жоғары оқу орындарында оқу үшін 88 мың грант бөлінген. Гранттардың басым бөлігі «Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары» білім беру бағдарлама топтарына бөлінді, олардың саны 18 744 грантты құрайды.

Ал «Педагогикалық ғылымдарға» – 12 560 грант, «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» саласына – 10 103 грант, «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» бағытына – 7 388 грант тиесілі.

Сондай-ақ, «Серпін» бағдарламасы арқылы түсушілерге 3 653 грант бөлінген. «Серпін» жобасы арқылы 4 даярлау бағыты бойынша білім алуға болады. Атап айтсақ, педагогикалық ғылымдар, инженерлік-техникалық, ақпараттық технологиялар, ауылшаруашылығы мамандықтары бойынша оқуға түсе алады. Бағдарламаға оңтүстік өңірдегі ауыл жастары қатысады.

Айта кетсек, оқу бітіргесін грант өтеу мерзімі 3 жылдан 2 жылға қысқартылды. Сондай-ақ, бұрын мамандар өзі оқыған аймақта ғана грантты жұмыспен өтейтін болса, енді 11 аймақта қызмет ете алады.

Жалпы, бакалавриатқа түсу үшін 2023-2024 оқу жылында 73 мыңға жуық грант бөлінді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық гранттың 60% техникалық мамандықтарға бөлінді. Сонымен қатар биыл халық тығыз қоныстанған батыс және жаңадан құрылған өңірлердің жастары үшін гранттар бөлінді. Талапкерлер берілген ақпарат негізінде дұрыс таңдау жасайды деп сенемін», — деп атап өтті ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.

Магистратураға түсуге 13 мыңнан астам, докторантураға түсуге 1800-ден астам грант бөлінген.