«Атаққұмар, жатыпішер, бопсалаушы»: депутат блогерлердің жауапкершілігін күшейтуді ұсынды
Мәжілістегі «Ауыл» фракциясының депутаттары Қазақстандағы блогерлерге қатысты жауапкершілікті күшейтуді ұсынды, деп хабарлады kznews.kz сайты.
Депутат Анас Баққожаев сауалын премьер-министр Әлихан Смайылов пен Бас прокурор Берік Асыловқа жолдады.
Қазір өзін блогермін деп жүргендердің дені – ақпараттың рас-өтірігін тексермей, оңай жолмен баю үшін кез келген адамға жала жабудан тайынбайтын, бопсалап ақша табатын, атаққұмар, елдің берекесін бұзып, қауіпсіздігіне қатер төндіретін сауатсыз адамдар.
Өзін блогер санап жүргендердің басым бөлігі шын мәнінде блогтың не екенін түсініп жүр деп айта алмаймыз. Көпшілігі ел алдындағы беделін, атақ-дәрежесін пайдаланып, халыққа көмек жасап жатқандай сыңай танытып, әлеуметтік желілерде түрлі «хайп» ұйымдастырып әлек, — деді ол Мәжілістің жалпы отырысында.
Депутаттың айтуынша, блогерлер қаржылық пирамиданың жандануына да себеп болған.
«Сол алаяқтарға сеніп қалған қаншама адам суицид жасады, қаншасы денсаулығынан айрылды, тағы қаншамасы үйсіз-күйсіз қалып, қаңғырып кетті?! Олардың обалы кімге? Елде болып жатқан түрлі әлеуметтік жағдайларды өз ыңғайына бұрмалап, оған ұлтаралық рең беріп, елге жалған ақпарат таратқан блогерлердің де ісі майшаммен қаралуы керек еді. Расталмаған қауесеттің әлеуметтік желі арқылы тез тарауынан Қордай оқиғасының немен аяқталғаны бәріңізге мәлім.
Жеке азаматтардың ішкен-жегенін, киген киіміне дейін аңдып, қоғамда кибербуллинг жасап жүрген блогерлер тобы тағы бар», — деді Анас Баққожаев.
Депутат олардың әрекеті қоғамға қауіпті деген ұстанымда.
Өкінішке қарай, өмірге деген көзқарасы енді қалыптасып келе жатқан жастарымыз осы блогерлерге еліктеп, жатыпішерлікке әуестеніп барады, олар ұлтымызға жат мәдениет пен теріс идеологияны бойына сіңіріп жатыр.
Сондай-ақ осы блогерлердің сөзіне сеніп, шетелге күңдікке түскен қыздарымыз қаншама?!
Біз қысқа ғана уақыт ішінде сөзі мен ісіне жауап бере алмайтын блогерлердің отанына айналып кеткендейміз. Бұл – қоғам үшін де, мемлекет үшін де қауіпті құбылыс, — деді ол.
Анас Баққожаев заңнамада блогер мәртебесі айқындалмағанын, салдарынан осындай мәселе туындап отырғанын атап өтті.
«Жауапкершіліктің жоқ екенін сезінген мұндай адамдар әрине, ойына келгенін істейді.
Көпке топырақ шашудан аулақпын. Халыққа шын жанашыр блогерлер де біздің елде жоқ емес. Көпбалалы жалғызбасты аналарға, мүгедек жандарға жәрдем беріп, әлеуметтік желі арқылы халыққа пайдасын тигізіп жүрген жерлестеріме тек бас иемін. Оқырманға қызықты әрі пайдалы ақпарат таратып, жеке блогын жүргізіп жүргендерге де айтар дауымыз жоқ.
Бірақ әлеуметтік желілерді пайдаланып, азаматтар мен ұйымдардың құқығы мен заңды мүдделеріне зиян келтіретін жалған ақпарат таратқаны үшін оларға қолданылатын шара қарастырылмаған. Сондықтан оларда ешқандай жауапкершілік жоқ. Соңын зерттеп, шындық па, жоқ па басын қатырмайды. Бастысы – шу. Бастысы – сөз.
Кімнің болмасын алдында дікеңдеп, беттен алып, жеке басына тиіседі. Сөз бостандығы деген осы ма? Біз осылайша тұтастай бір мамандықты қор қылып отырмыз. Журналистердің көбі жұмыссыз! Олардың білімі де, талабы да бар. Олардың блогерлерден айырмашылығы – әдепті, сондықтан да жұмыссыз», — деді депутат.
Депутат өзі көтерген проблеманы шешу үшін бірнеше ұсынысты қаратыруды сұрады.
Біріншіден, «БАҚ туралы» заң жобасына жауаптылардың әрекетіне тиісті баға берілуі керек. Екіншіден, тез арада «БАҚ туралы» заңды пысықтап, Мәжілістің ашық талқылауына енгізу қажет. Ақпарат саласындағы жауапкершілікті тек журналистер емес, блогерлер де сезінетін уақыт жетті. Бұл мәселені аталған заң жобасының аясында дереу қарастыруымыз қажет. Себебі жауапкершілікті түсіне алмайтын блогерлердің саны уақыт өткен сайын артып жатыр, — деді ол.
фото: Halyq Uni