Fly Arystan әуе компаниясы балалар билетін белгіленген нормадан қымбатқа сатып келген
Авиациялық транспорт прокуратурасы әуе компанияларына тексеріс жүргізді. Нәтижесінде Fly Arystan әуе компаниясының 2-12 жас аралығындағы балаларға арналған 50%-дық жеңілдікті қолданбай, ересектерге арналған билет құнымен сатып келгені анықталды деп хабарлайды Kznews.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап.
Прокуратура мәліметінше әуе компаниясы 2022 жылдың қаңтары мен қазан аралығында 3 мыңнан аса баланы стандартты тарифпен тасымалдаған. Азаматтық авиация комитеті «Жолаушылар тасымалдау қағидаларын бұзу» бойынша әкімшілік хаттама толтырды.
Сот әкімшілік құқық бұзушылық бойынша материалдарды қараған. Нәтижесінде жолаушы тасымалдау қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тарту туралы үкім шығарды. Сот актісі әлі күшіне енген жоқ.