Астанада оқушыны итеріп жіберген дене шынықтыру мұғалімі жұмыстан қуылды

0

Астананың №27 мектеп-лицейінде 2-cынып оқушысын кеудесінен итеріп жіберген дене шынықтыру пәнінің мұғалімі жұмыстан шығарылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қалалық білім басқармасының мәліметінше, мектеп қызметтік тергеу жүргізіп, мұғалімнің екінші сынып оқушысына қатысты әс-әрекеті педагогикалық этикаға сәйкес келмейді деген ұйғарымға келген.

«Дене шынықтыру мұғаліміне педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестің ұсынысы негізінде қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолданылды. Мектептің 2023 жылғы 30 қаңтардағы «жұмыстан босату туралы» 19-бұйрығына сәйкес және ҚР Еңбек кодексінің 49-бабының 5-тармағына сәйкес аталған мұғалім жұмыстан шығарылды», — делінген хабарламада.

Әкімдікте хабарлағандай, мектеп ұжымымен профилактикалық жұмыс жүргізілді. Басшының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына педагогикалық этиканың негізгі қағидаттарының сақталуына бақылау жүргізу және бұдан былай мұндай жағдайларға жол бермеу тапсырылды.

Сонымен қатар, қыздың анасы полицияға мектептің дене шынықтыру мұғалімі 8 жасар қызын итеріп жібергені, айғайлағаны туралы арыз жазған.

«Іс бойынша тексеру жүргізілуде. Кәмелетке толмағандарға қатысты сот-медициналық сараптама тағайындалды, оның нәтижелері бойынша педагогке қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес шешім қабылданатын болады», — деп хабарлады елорда полициясы.