Омбыда әскери комиссариатты өртеген Қазақстан азаматтары ұсталды
Мамыр айында Омбыдағы әскери комиссариатты өртеп жіберген Қазақстан азаматтары Аңсаған Молдахметов пен Cейіл Диас Мұратұлы ұсталды.
Осы айдың басында «Добрыня Никитич» лақап атын қолданған азаматтардың бірі Телеграм арнасында әскери комиссариатты 800 мың рубльге өртейтінін жазған, дейді Baza сайты.
12 мамырда қылмыскерлер Омбыға көлікпен келген. Олар бес бөтелке, машина майы, бензин, электр таспасын сатып алып, одан бес «Молотов коктейлін» жасаған. Келесі күні түнде Молдахметов пен Мұратұлы әскери комиссариат ғимаратының ішіне жанғыш қоспасы бар бөтелкелерді лақтырған. Оның өртенгеніне көз жеткізгеннен кейін, оқиға орнынан қашып кеткен, — дейді тергеушілер.
Молдахметов 24 тамызда ұсталды. Алдымен оған мүлікті қасақана жою туралы бап бойынша қылмыстық іс қозғалды, бірақ содан кейін айыптау бабы өзгертілді. Енді Молдахметовке алдын ала сөз байласу арқылы бір топ адам жасаған террористік акт бойынша айып тағылып отыр. Ұсталған азамат 12 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Украинада соғыс басталғаннан бері Ресейдің әртүрлі қалаларында 20-ға жуық әскери комиссариат өртенді. Атап айтқанда, бұл Мәскеу, Мәскеу облысы, Воронеж, Нижневартовск, Волгоград, Симферополь, Череповец, Владивосток, Мордовия, Свердловск, Ростов, Рязань және Иваново облыстарында хабарланды.
Сонымен қатар, маусымның басында Комсомольск-на-Амурдағы Ресей гвардиясының ғимаратының өртенгені туралы белгілі болды. Қылмыс жасады деген күдікпен 50 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды.
Ақпарат: Moscow Times