Павлодарда «Лайықты еңбек – мемлекеттің тұрақтылық негізі» форумы өтті
Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев нұротандықтарды алда келе жатқан Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтады. Елбасы Жолдауын жүзеге асыру аясында партиялық әріптестеріне бірқатар міндеттер жүктеді
— Біздің негізгі міндетіміз — Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайту, — деді Мәулен Әшімбаев. — Біріншіден, партия Жолдаудың ақпараттық маңызын қамтамасыз ететін негізгі күшке айналуы керек. Жолдауды жүзеге асырудың әрбір адамға қандай жақсылық әкелетіндігін түсіндірген маңызды. Осы орайда, басты міндетіміз–қоғамды Елбасының саясаты айналасында ұйыстыру болуы тиіс.
— Партиялықтар Елбасы тапсырмаларының қалай орындалып жатқаны туралы ашық айтулары керек, — деді М. Әшімбаев.- Партиялықтар үш деңгейлі бақылау жүргізу арқылы Елбасының тапсырмаларын жер-жерлерде орындалуын, Жолдауды жүзеге асыру кезінде қандай мәселелер туындап жатқандығын еш бүкпесіз ашық айтып отыруы тиіс.
Жиында «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ Бастауыш партия ұйымының төрағасы Рүстем Алханов, «Мұнай-химия зауыты» ЖШС-нің бас директоры Оспанбек Әлсейітов Жолдауда айтылған міндеттердің орындалу барысы туралы алдағы жоспарларымен бөлісті.
Облысқа жасаған сапары кезінде Мәулен Әшімбаев С. Торайғыров атындағы облыстық кітапхананы аралап көрді.
Оқырмандарымен кездескен «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары кітапханалардағы заманауи білім орталықтарын құру маңыздылығына тоқталып өтті.
— Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мәні – жастардың білімге деген құштарлығын арттыру, — деді Мәулен Әшімбаев. – Білімнің негізі кітапта екені белгілі. Сондықтан біз осындай игі істі қолға алдық. Бұл – бәсекеге қабілетті, интеллектуалды ұлт қалыптастыруға бағытталған нақты жұмыстар.
— Қазірдің өзінде еліміз бойынша 782 ІТ-сынып ашылып, 30 мыңнан астам мектеп оқушылары білім алуда. Соның ішінде Павлодар облысында 20 ІТ-сыныптары ашылды, — деді Мәулен Әшімбаев
Бұдан кейін Мәулен Әшімбаев осы «Рухани Жаңғыру» жобалық кеңсесінде өңірдегі ақын-жазушылармен кездесті. Кездесу барысында ақын Оралхан Айбек, облыстық «Жас Отан» жастар қанатының төрайымы Санира Жүсіпова Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына қатысты өз ойларын айтып берді.
Сапар соңында «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, облыс әкімі Болат Бақауов «Қазхром «ТҰК» АҚ филиалы – Ақсу қаласында орналасқан Ақсу ферроқорытпа зауытында өткен «Лайықты еңбек – мемлекеттің тұрақтылық негізі» атты металлургтердің еңбек ұжымдарының форумына қатысты.
Былтыр ферроқорытпа зауыты 50-жылдық мерейтойын атап өтті. Жылына 1,2 миллион тонна ферроқорытпа өндіретін әлемдегі металлургиялық ең ірі кәсіпорын. Зауыт бұл күндері қалыпты, тұрақты түрде жұмыс атқаруда.
Елбасы Жолдауын жүзеге асыруда өндірістің әр цехы, бөлімдері де жаңа технологияларды игеруде, өңірдің экономикалық дамуына үлес қосуда. Зауыттың өндірістік цехтары жаңару, жаңғыру жолынан өтуде.
– Ақсу ферроқорытпа зауыты сапа мен сенімділіктің белгісі іспеттес. Еуразиялық Топпен әзірленген зауыттың даму стратегиясы әлемдік тәжірибелер мен саланың озық жетістіктері негізінде кәсіпорында өндірісті кезеңмен жаңарту жүзеге асырылуда, — дейді кәсіпорын директоры Сергей Прокопьев.
Жалпы, «Нұр Отан» партиясы қазақстандықтардың еңбек құқығын қорғауға айрықша көңіл бөліп келеді. Осыдан бір жыл бұрын облыс орталығында партия еліміздің Кәсіподақтар федерациясымен Өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасасу жөнінде келісімге келді.
Бұл құжатқа «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев пен Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым қол қойған-ды.
Форум барысында еліміздің Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдрайым, зауыттың аға менеджері В. Горбачевалар сөз сөйледі.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР
Суретті түсірген: Валерий Бугаев