Хайдолла Тілемісов | өмірбаяны
Хайдолла Тілемісов (1929–2000) 20 мамырда Қостанай облысының Обаған ауданындағы (қазіргі Қостанай ауданы) Сатай ауылында туған.
Екі жылдан астам туған колхозында жұмыс істейді. 1943 жылы Меңдіқара педагогикалық училищесіне оқуға түседі. Осында оқып жүріп ақындардың аудандық айтысына қатысады да, өнерімен көзге түсіп, 1944 жылы Қостанайда ашылған облыстық филармонияға қызметке шақырылады. 1949 жылы облыстық «Большевиктік жол» газетінің ауыл шаруашылығы бөліміне әдеби қызметкер болып орналасады. 1951 жылдың сәуірінде Қостанай облыстық радиосына аға редакторлық қызметке ауысады.
1955–1960 жж. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде комсомол тұрмысы, тілшілер және шаруа-жастар бөлімдерінің меңгерушісі қызметін атқарады, редколлегия мүшесі болады. Осыдан кейін он жыл бойы Қазақ радиосы мен телевизиясының Бас редакторы, Қазақ радиосының Бас редакторы, Қазақ КСР Телевизия және радиохабар жөніндегі мемлекеттік комитеті Бас редакторының қызметтерін атқарады. 1970 жылдың қаңтарынан республикалық «Қайнар» баспасында бес жылдай бас редактор, одан кейін 1996 жылдың қаңтарына дейін директоры болды
Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атағын алған. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамоталарымен, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Тың жерлерді игергені үшін» және басқа медальдармен марапатталған.
Шығармалары: Екінші тың ерлері. Очерктер. А., 1964; Қияннан қияға. Деректі повесть. А., 1969; Азамат. Повесть. А., 1980.
Аудармалары: А.Беляев. Ауа саудагері. Бас туралы хикая. Романдар. А., «Жазушы», 1974; И.Авижюс. Шайқалған шаңырақ. Роман. А., «Жазушы», 1977; А. Беляев. Әлем әміршісі. Ариэль. Романдар. А., «Жазушы», 1980; М.Михеев. Ақтаңдақтың құпиясы. Вирус В–13. Повестер. А., «Жазушы», 1982; А. Чаковский. Жеңіс. Роман. І–ІІ кітап. А., «Жазушы», 1983.