Блогер, құқық қорғаушы Николай Гиньятов Қостанай облысының әкімі орынбасары Гүлбарам Мұсағазинаға қатысты жалған ақпарат таратып, жала жапқаны үшін 200 АЕК мөлшерінде айыппұл арқалады. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі HALYQSTAN арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Айта кетейік, Қостанай облысы әкімінің орынбасары Гүлбарам Мұсағазина өзін денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деп бірнеше жазба жариялаған құқық қорғаушы Николай Гиньятовтың үстінен арыз түсірген еді. Жазбада Гүлбарам Мұсағазинаның денсаулық сақтау саласын қадағалайтыны туралы айтылған.
Істің қаралуы шамамен бір айға тоқтатылды, себебі Николай Гиньятовтың 14 жарияланымына сот-психологиялық және филологиялық сараптама тағайындалып, жүргізілді. Іске қатысты 29 желтоқсан күні сараптама нәтижелері жарияланды.
Мамандар жарияланымдарда Гүлбарам Мұсағазинаның әрекеттерін теріс сипатта көрсетілгенін растады.
“Бір жарияланымда тұлғаның ар-намысы мен қадір-қасиетін төмендетудің белгілері бар, бірақ әдепсіз формада екені байқалмайды”, – деді сарапшылар.
Алайда сараптамада жазбаның жала не жала емес екенін нақты көрсетілмеді. Себебі мамандар деректерді тексеру олардың құзыретіне кірмейтінін айтты.
Николай Гиньятов өз тарапынан теріс баға беру құқылы екенін, ал жәбірленуші тарап оның жазбаларында өтірік ақпарат бар екенін дәлелдеуі тиіс екенін айтты.
“Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама 18 тамыздағы жарияланым фактісі бойынша жасалған, бірақ шындығында ол жазба болмаған, ал сот ісін тек қана тағылған айып аясында қарауы тиіс еді”, – деді Николай Гиньятов.
Ол өзіне тағылған айып бойынша кінәсі дәлелденбегенін атап өтті.
Дегенмен, айыпталушы Николай Гиньятов әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексінің 73-3-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 200 АЕК (784 400 теңге) мөлшерінде айыппұл арқалады.
Құқық қорғаушы әлеуметтік желілерде бұл шешімге келіспейтінін айтып, оны апелляциялық тәртіпте шағымданғанын мәлімдеді.