Майқы бидің нақыл сөздері

0

Жетесіз жігіт — ел қадірін білмес, некесіз әйел — ер қадірін білмес.

***

Таста тамыр жоқ, ханда бауыр жоқ.

***

Асылдан — асыл туады, жалқаудан — масыл туады.
Мылжыңнан — езбе туады, қыдырмадан — кезбе туады.

***

Естіге айтқан ақыл сөз — шыңға тіккен тумен тең,
Ессізге айтқан ақыл сөз — құмға сіңген сумен тең.

***

Парақор биге ісің түспесін,  Сараң үйге кісің түспесін.

***

Хан қасында ақылды би болса — қара жерден кеме жүргізеді.

***

Шыншылдық адалдықпен ағзалас.

***

Дауыл болмай жауын болмас,

Даулы болған қауым болмас.

Егіз ешкі сауын болмас,

Екі жалқау ауыл болмас.

***

Би екеу болса, дау төртеу болады.

***

Қыран қартайса, жағалтайға жаутаңдар.

***

Көзі қысық, тісі қисық жаудан гөрі, көзі шегір, өзі жемір жаудан ұрпағым көп қорлық көретін болады.

***

Аспан ашық болса,

Күн шуақты болады.

Хан әділ болса,

Халық ынтымақты болады.

***

Хан – халықтың қазығы,
Қараша – ханның азығы.

***

Жаман еркек жар қадірін білмес,
Жайсыз әйел ер қадірін білмес.
Жалқау адам тер қадірін білмес,
Жетесіз жігіт ел қадірін білмес.