Қазақ тарихындағы көтерілістер — Тарих

0

 

2005-10-28:

СЫР БОЙЫ БАТЫРЛАРЫ ТӘУЕЛСІЗДІК ЖОЛЫНДА

 

Қазақ хандығы тұсында Сырдария өзенінің бойын иелену мақсатындағы соғыстар бір-екі ғасырға созылды. Әсіресе, Бұрандық ханның тұсында дария бойындағы қалалар Шайбанилер хандығымен екі арада кезек-кезек қолдан-қолға өтті. Сондай-ақ XVI ғасырдың екінші жартысында Сыр өңірі қалалары үшін күрес қызды. XVI ғасырдың аяғы мен XVIІ ғасырдың басында қарақалпақтар сыртқы саяси әрекеттерінде белсенділік танытып, Сырдария аймағы мен Ташкентті уақытша басып алды.

Ел бiрлiгiн нығайтқан майдан

Тәуке ханның Сырдарияның орта ағысындағы отырықшы аудандарды қосып алуы, қазақ хандығының экономикасына, қоғамдық-саяси құрылысына ықпал жасағаны белгiлi.

Бұл кезде Еуразияның саяси картасы өзгерiстер үстiнде болатын. Ресей шығысқа, Қытай батысқа қарай бағыт ұстана бастаған. Бiрқатар тарихшылардың айтуынша, жоңғар шапқыншылығының басталуына осы екi алып империяның жымысқы саясаттары себеп болған сияқты.

 

Әрине, қалмақтардың өз есебi бар екенi түсiнiктi. Сонымен, 1635 жылы қазақтар мен жоңғарлар арасында жан алып, жан берiскен өмiр үшiн күрес басталды. Жүз жылдан астам уақытқа созылған осы зор майдан кең қоныш қазақтың сана-сезiмi мен рухын биiкке көтерiп, ел арасындағы бiрлiктi нығайтты.

Туған жер үшiн қасық қаны қалғанша күрестi, шынын айтқанда патриотизмдi күшейттi. Өйтпейiнше, сөзсiз жеңiлiске ұшырау қаупi тұр едi.

«Келте тонды Келмембет»

Ел қорғау мәселесi бiрiншi орынға қойылғандықтан, осы кезеңнен бастап қазақ батырларының тұлғалары дараланып, рөлi күшейе түстi. Олардың зор құрметке бөленуi де сондықтан.

 

Ел тәуелсiздiгiне қауiп төндiрген қалмақтарға қарсы соғысқан Шөмекей тайпасынан шыққан Келмембет батырдың бейнесi дара. Оның бүкiл өмiрi шайқаспен өттi. Бүгiнгi ұрпақтарының пайымдауынша, ол 1618 жылдары дүниеге келген. Малға жарлы болса да қабiлет-қарымы Келмембеттi өзгелерден оқ бойы озық етедi. Құралайды көзге атқан мерген, жауырыны жерге тимеген балуан, шабандоз болған. Жалпы қазақ батырларының жерi мен елiнiң бiрлiгi үшiн күресi, дербес өмiр сүру үшiн ғасырлар бойы табандылықпен жүргiзген күрестерiнiң тарихи тәжiрибесi мен талғамы бiздердi олардың қаһармандық ерлiкке толы күрес жолдарын ұлықтауға мiндеттейдi.

 

Бiр соғыста бекiнiп алған жау садақ оғын қарша боратып қазақтарды беттетпей қояды. Жаңбыр жауып тұрған алакеуiм шақ екен. Сол кезде сарықасқа тұлпар мiнген Келмембет алға суырылып шығып, жау бекiнiсiнен атын қарғытып өтедi де оңды-солды найза шаншып, қылыш сермеп, дұшпанды қашырады. Келмембеттiң үстiндегi терi тоны жаңбыр суымен әбден иленiп, жұмсарып ұзара берген. Сол кезде iркiлiп тұрған қазақ қолы қалмақ бекiнiсiне лап қояды, жауды жеңедi.

 

Ертеңiне түндегi шабуылда жауға жалғыз шапқан, туды жығып, қамал бұзған сарықасқа атты батырды хан iздестiредi. Сарықасқа ат мiнген жауынгерлердi шақырып, түгендей бастағанда, шетте тұрған кешегi батырды бiрден таниды. Күн шыққан соң түндегi былжыраған тоны кеуiп, құрысып, қалыбына барып шолтиып қалған екен. «Кiмсiң?» дегенде, «атым Келмембет» деп саңқ ете қалады. Сонда хан: «келте тонды Келмембет, келбетiңе рахмет» деп батырдың арқасынан қаққан екен.

 

Келмембет батыр қазақ елiн қорғау жолындағы азаматтық мiндетiн ақырына дейiн атқарып, бiр соғыста ерлiкпен қаза табады. Оның ұрпақтары Сарықасқа руы атанып, бiр тайпа елге айналды. Келмембеттiң ұрпақтары қазiр он жетi рулы ел. Осы атаудың өзi оның елi мен жерi үшiн тынымсыз шайқасына берiлген әдiл тарихи баға деп түсiнген абзал. Аталған кезеңде тұлғалардың күресi ел рухын сақтауға сеп болып, болашақтың үмiтiн үздiрмедi.

 

Сарықасқа Тайқожа батыр, Құба, Жәрiмбет билер қалмақтарға қарсы соғыста бiлек қайратымен де, ақыл-ойымен де ел қорғаны болғанын айту мақтаныш әрi құрмет.

 

XVII ғасырдың сексенiншi жылдарында жоңғарлықтардың жорықтары жиiлеп кеттi. Олар Сырдария бойындағы қалаларды, маңызды сауда жолдарын иемденуге ұмтылды. Қалдан қонтайшы 1681-1685 жылдары бiрнеше жорық жасап, Сайрам қаласын қиратып кеттi. Оның орнына келген Сыбан-Рабтан басқыншылық соғысты одан әрi жалғастырды. XVII ғасырдың басында қалмақтардың қаптаған қалың қолы Сарысу өзенiне дейiн келдi. Сол кезеңдерде қазақ халқының тағдырына қатер төндi.

«Ақтабан шұбырынды»

Iргесiне тықыр таянған қазақ 1710 жылы Қарақұмда үш жүздiң басы қосылған үлкен жиын шақырды. Қалмақ қатерiне қарсы не iстеймiз деген әңгiме қозғалды. Әркiм әр түрлi пiкiр айтты. Қопарыла көшiп қалмақтан қашып құтылайық деушiлер де болды. Батырлар мен билер, сұлтандар ақыры бiр уәжге тоқтады. Елдi бiрiктiрiп ортақ жауға қарсы тұрмаса, кешiгедi. Сондықтан, қол жию керек. Осы сөзге тоқтаған ел қолбасы Әбiлхайыр сұлтан мен Бөкенбай батырға бата бердi. Сондықтан да 1723 жылдың көктемiнде мал төлдеп жатқанда, жоңғар қалмақтары қазақ жерiне андыздап лап қойды. Мұны күтпеген қазақтар мал-жаннан күдер үзiп, босып кеттi. Тарихта бұл «Ақтабан-шұбырынды» деген атпен қалды.

 

Кенет кедейленiп қайыршыға айналған аш қазақтар Мәуренахр даласын толтырды. Сыр бойындағы егiн шаруашылығы мен қолөнер кәсiбi, сауда адыра қалды. «Қаратаудың басынан көш келедi…» деп басталатын әйгiлi «Елiм-ай» әнi (жоқтау) осы кезде дүниеге келген дейдi.

 

Әбiлхайыр хан Табын Бөкенбай батырға үш жүзге сауын айтқызады. Қарақұмға иiсi Алаштың атқа мiнiп, қару ұстай алатын азаматтары ағылды. Халық батырларға қарап, соңдарынан ердi.

 

Қарақұмның терiскей шығысындағы екi-үш көштiк Бiлеутi, Бұланты өзендерiнiң жағасында Қарасиыр (Қара серi) деген жерде үлкен соғыс болды. Әбiлхайыр, Бөкенбай, Саурық (Саңырық), Тайлақ батырлар бастаған қазақ қолы қалмақтарды күйрете жеңдi. Бұл «Ақтабан-шұбырындыдан» кейiнгi алғашқы жеңiс едi. Мұның маңызы орасан зор болды.

 

Тарихта аты қалған әлемдегi iрi майдандармен дәрежелес Бұланты соғысына Сәрке батыр қатысты. Сәрке Шақшақ Жәнiбек, Есет батырлармен үзеңгiлес, елi үшiн ереуiл атқа ер салған батыр. Ол жөнiнде жазба деректерде өте сирек, зерттеу, iздестiру жағы кемшiн болып жатыр. Алайда, Сәркеге деген ескерткiш халық жадында сақталған. Бұланты өзенiнiң бойындағы алып төбе екi жүз жетпiс жылдан берi Сәркенiң төбесi аталып келедi. Батыр төбенiң үстiнде қарауыл қарап тұрғанда, бұрын қолма-қол айқаста маңына жақындай алмаған қалмақ шидi тасалап, бұғып келiп атады. «Батыр бiр оқтық» деген сол. Соғыс қызып жатқан кез болғандықтан, Сәркенi сол төбеге аманаттап қойып, келесi жылы былғарыға орап тiгiп, Қорқытқа әкелiп жерлейдi. Әкелген Жүзжасар би.

 

Сәрке батырдың Бұлантыда қаза тапқан жылы 1726 жыл деп айтуға негiз бар. Бұланты — Бiлеутi соғысы бiр күнде аяқталмаса керек. Сол соғыстан соң Бiлеутi өзенi Қалмаққырған атанды.

Бостандықтан — бодандыққа

Қазақ елiнiң сыртқы саясаттағы ахуалы таңдау жасауға мәжбүр еттi. Батыстан Ресей, шығыстан Қытай мысықтабандап жылжып, тынысты тарылтып келе жатты. Кейiнгi жылдары сан-саққа жүгiртiп, әдiл бағасы берiлмей жүрген Әбiлхайыр ханның сыртқы саясаттағы көрегендiгiне қол қоятын уақыт жеттi. Қазан, Астрахань хандықтарын жаулап алып, Орал тауынан асып жылжып келе жатқан Ресей шекарасы қазақ даласын үш жағынан қаусырмалады. I Петр аманат етiп кеткен тапсырма — Қазақстанды қандай жолмен болса да қолына алуға кiрiсiп жатқан. Ерте ме, кеш пе отарлық қамыты мойынға iлiнетiнi анық едi. Әбiлхайырдың Ресейге қосылу идеясына түсiнiкпен қараған жөн дейтiнiмiз де сондықтан.

 

Дегенмен де Ресейдiң жымысқы саясатының кейбiр салдарлары белгi бере бастаған. 1731 жылы кiшi жүз Ресей бодандығына өткен соң, iле-шала орта жүз бен ұлы жүз де Ресейге өттi. Мұның әрине iшкi саяси себептерi болды. Алайда, патша үкiметi қазақ хандарына берген уәделерiн орындамады. Жоңғар қалмақтарына қарсы күресте әскери көмек, әсiресе, от қару берiлмедi. Оның орнына отарлық езгi басталды. Қазақ шаруаларының жерi бiртiндеп тарыла түстi. Қазақтар мен қазақтардың бiр-бiрiне қару көтеруi жиiледi. Бұл отаршылдыққа қарсы күрес нышандары едi. 1773-1775 жылдардағы Емельян Пугачев көтерiлiсi қазақ халқының осындай ахуалына тұспа-тұс келдi. Бұл көтерiлiске қазақтар белсене қатысты.

 

Көтерiлiс басылып, Пугачевтiң басы шабылса да қазақтардың қарсылығы тоқтаған жоқ. Тек 1775 жылдың көктемiнде Жайық казактарына Дон казактары, гусар, драгун полктары, башқұрттар мен қалмақтар, жаяу әскер бөлiмдерi көмекке келiп, жаппай жазалау шаралары басталғанда, ел қопарыла көшiп, кең далаға сiңiп кеттi.

 

1775 жылдың күзiнде отаршылдыққа қарсы күрес тағы да лап ете қалды. Оны Табын руының жиырма екi жасар қызы Сапура Мәренқызы бастады. Он мыңға жуық адам атқа мiндi. Мұны Ресей отаршылдығына қарсы алғашқы ұлт-азаттық қозғалысы деп бағалаған дұрыс. Алайда, отаршыл жүйенiң жымысқы саясаты арқылы көтерiлiсшiлер арасына iрiткi түсiп, қозғалыс келесi жылы тоқтады.

Қоқаңдаған Қоқан

Абылай хан қайтыс болғаннан кейiн Ташкент қаласын 1784 жылдан Жүнiс қожа билеп, қазақ хандығынан iргесiн ажыратты. XVIII ғасырдың соңына қарай Шымкент, Түркiстан қалалары Жүнiстiң билiгiне көштi. Ол 1799 жылы Қоқан ханына қарсы соғыс жариялап, жеңiлдi де, Ташкент пен Шымкент Қоқанға қарады. 1815 жылы Қоқан ханы Омар Түркiстанды алып Сырдарияны бойлай төмен жылжыды. Жаңақорған, Жөлек, Ақмешiт, Шымқорған, Қосқорған бекiнiстерi салынды. Сөйтiп Сыр бойының оң жағалауы Қармақшыға дейiн Қоқан хандығының иелiгiне өттi.

 

Қоқанмен қатар Хиуа хандығы да Сыр бойына қарай ұмтылып, ХIХ ғасырдың отызыншы жылдарында қазiргi Аққыр ауылының терiскей батысында қозы көш жерде Қожанияз қамалы салынды. Сыртқа қаратылған екi зеңбiрек, жиырма бес мылтықтың орны бар, iшiне екi жүз жауынгер орналасқан қамал қазақтардан зекет салығын жинайтын орталық болды.

 

Қоқан және Хиуа хандықтарының қазақтар арасындағы барлық саясаты да, жұмысы да тонау мен зорлық-зомбылық едi. Қоқан бекiнiстерiнiң төңiрегiнде тұратын қазақтардың әр шаңырағы жылына алты қой, төрт өгiз сексеуiл, мың бау қамыс беруi тиiс болатын. Одан да басқа қызмет түрлерi, мойындарына артылған жүктерi көп болды. Сондай бекiнiс орны қазiргi Ақсу ауылының түстiгiнде бiр-екi шақырымдай жерде дария жағасында жатыр.

 

Қоқан бектерi Сыр бойы қазақтарын өздерiмен бiрге жорыққа шығуға мәжбүр етiп, олар қашан қайтып оралғанша отбасыларын кепiлге ұстап, тұтқындап отыратын.

 

Хандықтар арасындағы өзара мүдде қайшылығы, iштарлық, жаулық, қысастық қарапайым халықты күйзелттi. ХIХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары қоқандықтар Ақмешiт бекiнiсiн салғаннан кейiн Сырдарияның бұрынғы арнасы Жаңадарияны Сандыққорған түбiнен байлап тастады. Сөйтiп Жаңадарияның төменгi жағында отырған егiншi халықты судан қысты.

 

1824 жылы «Орынбор қырғыздары туралы устав» қаралып, қабылданды. Кiшi жүзде хандықты жою ұйғарылып, кiшi жүз билеушi-сұлтандар басқарған үш бөлiкке бөлiндi. Әр бөлiк дистанцияларға бөлiндi. Бұл жүйе кiшi жүзде 1831 жылдан 1868 жылға дейiн сақталды. Алайда, бұл жүйе ХIХ ғасырдың екiншi жартысына дейiн Сыр бойына iс жүзiнде келген жоқ. Өздерiн патша үкiметiнен де, Хиуа, Қоқаннан да тәуелсiзбiз деп есептеп, тек ру батырларын, билерiн ғана тыңдап үйренген Сыр өңiрi қазақтарын үш жақты қысым жан-жағынан құрсай бастады.

 

Қазақстанды отарға айналдырып, құлдық қамытын кигiзу үшiн Ресей әкiмшiлiгi жаңа бекiнiстер салып, әкiмгершiлiк шаралар арқылы қазақтардың құқықтарын шектеп, олардың жерiн тартып алып, салық түрлерiн көбейтiп кең ауқымды шабуылға шықты.

Азаттық үшiн күрес

Орталық езгiге қарсы қазақ даласында ұлт-азаттық көтерiлiстер басталды. XVIII ғасырда Әбiлхайыр ханмен бiрге Қарақұмда қол бастаған, 1726 жылы Сәрке батырмен бiрге Бiлеутi, Бұланты бойындағы қалмақтарды жеңген Бөкенбай батырдың немересi Жоламан батыр Тiленiшұлы 1823 жылы Ресейге қарсы көтерiлiске шықты. Осы кезде Орта жүзде Саржан Қасымұлы да отаршыларға қарсы көтерiлдi. Сыр бойында Байқадам, Бұқарбай батырлар Қоқан бектерiмен қақтығысып қалды. Бөкей ордасында Исатай-Махамбет бастаған шаруалар көтерiлдi.

 

1837 жылдың жазында осы аталған бас көтерулердiң бәрiнен де қуатты Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерiлiсi бұрқ ете қалды.

 

1840 жылдың соңында патша өкiметi орындарымен жасалған келiсiм бойынша шабуыл жасау, жазалау шаралары тоқтатылып, бейбiт кезең туды. Мұның Кенесары қозғалысының дамуында үлкен маңызы болды. Қозғалыс аймағы кеңiп, оған орта жүз бен кiшi жүз қатысты. 1841 жылы қыркүйекте халық Кенесарыны ақ киiзге көтерiп, хан сайлады.

 

Сыр бойындағы қазақтардың тәуелсiздiгiне елеулi қауiп төндiрген қоқандықтармен күрессiз бiртұтас тәуелсiз мемлекет құру қиын едi. Кенесарының Сыр бойына келгенiне дау жоқ. Бiрақ ол қай жерге келдi, осы жөнiнде нақты мұрағат деректерi кездеспейдi. Дегенмен, ел аузындағы әңгiмелер бойынша Кенесары Дәуiмбайда, Жалаңаш төбеде болған сияқты. Кейiн «Кенесары-Наурызбай» жырын шығарған Нысанбай ақын осы Жалаңаш төбеде алпыс ақынмен айтысып, жеңiп шығыпты деген сөз бар.

 

Орта Азиядағы Қоқан, Бұхар, Хиуа хандықтары арасындағы алауыздықтарды Кенесары психолог, саясатшы ретiнде шеберлiкпен пайдалана бiлдi. 1841 жылы Кенесары Шөмекей, Төртқара, Табын руларынан жасақталған төрт мың адамдық қолмен Ақмешiт, Жөлек, Жаңақорған бекiнiстерiн қоршады.

 

Созақты және басқа да бекiнiстердi бұзып, Қоқанға бағынышты қазақтарды Торғайға көшiрдi. Ұлт-азаттық көтерiлiсiнiң басылып, Кенесарының қаза табуы Ресей патшалығының Қазақ даласын, қала бердi бүкiл Орта Азияны отарлауына кең жол ашты. Жанқожа, Есет, Бұқарбай және басқа батырлардың жеке-жеке бас көтерулерi қалың өртке қарлығаштың қанатымен су сепкендей ғана болды.

 

1847 жылы Райым, 1848 жылы Қазалы бекiнiстерi салынып, орыс әскерi Сырдария өзенiн өрлеп келе жатты. 1852 жылы шiлде айының басында орыс отряды Қосқорған түбiнен Қараөзектен өттi. Жорық тәртiбiмен Көктондының жанынан өтiп Ақмешiт қаласын қамады, алайда бiраз шығынданып, қаланы ала алмаған соң керi оралды. Қайтар жолда тамыз айында Шымқорғанды қоршап, тiке шабуылдап басып алды. Түн қараңғысында өртенген Шымқорғанның отын көрген дарияның арғы бетiндегi, қазiргi Көкжиде ауылының шығысындағы Қоқан бекiнiсi — Күмiсқорғандағылар үрейленiп отырды.

 

1852 жылдың күзiнде Бұқарбай батыр Сырдарияның сол жағалауына өтiп, Қоқанға қарсы соғыс ашты. Батырдың бұл әрекетi сол кездегi мұрағат деректерiнде «Хиуаға өтiп кеттi» деп бағаланды. Осы тұста айта кету керек, Сырдарияның сол жағалауы Тянь-Шаньнан бастап Қармақшы-Қосқорғанға дейiн Қоқан хандығының иелiгiнде болатын.

 

Бұқарбай батыр қазiргi Бұқарбай ауылы тұрған жерге екi жүз үй табынды көшiрiп әкелiп, Қожанияз қамалымен байланыс жасады. Сол жылы күзде батыр Ақмешiттiң түбiндегi Қарабөгеттi бұзды. Бұл Қоқан хандығын дүр еткiзген тосын оқиға едi. Түркiстаннан берi қарай қозғалысқа түсiп Ақмешiт қамалының бекiнiсiн, әскери күшiн нығайтуға тырысты.

Отарлық кезең

1852 жылдың күзi мен 1853 жылдың көктемi аралығында Қыпшақ, Табын, Шөмекей рулары орыс иелiгiндегi жерлерге көштi. 1853 жылдың шiлдесiнде орыс әскерлерi Ақмешiт қамалын шабуыл жасап алды, қоқандықтарды Жөлектен асырып тастады. Сонымен, Сырдың төменгi ағысы орыс отаршыларының иелiгiне қарады. Арал, Қазалы, Қармақшы, Перовск порттары жүйесiнде Сырдария әскери желiсi (линиясы) құрылды. Ұзақ жылдарға созылған отарлық кезең басталды.

 

Қазақ ауылдарын орыс өкiметiне құлақ қақтырмай бағындыру мақсатында түрлi әкiмшiлiк реформалары жүргiзiлдi. 1867 жылы Түркiстан генерал-губернаторлығы құрылды. Перовск уезi осы губернаторлықтың Сырдария облысына қарады.

 

Қазақ даласын басқару туралы уақытша Ережелер қабылданып, отар аймақтар, орыс капиталының дамуына барынша қолайлы жағдай жасайтын шикiзат аймақтарына айналдырылды. Жергiлiктi тұрғындардың құқықтары шектелдi. Уездер болыстарға бөлiнiп, қазақ пен қазақты бақталас ететiн болыс сайлауы осы кезде шықты. Жер реформасы бойынша қазақ даласы мемлекеттiк меншiкке алынды. Түтiн салық әр шаңырақтан бұрынғы 1,5 сомның орнына 3 сомға дейiн көбейтiлдi.

 

1867-1868 жылдардағы әкiмшiлiк реформасы бойынша ауыл, болыс, рулық жанындағы есепке алынбай құрылды. Мал шаруашылығы қазақтардың басты тiршiлiк көзi болып қала бердi. Сонымен қатар, егiншiлiк бiршама кең өрiс алды. Нәлiбай, Бұқарбай батырлар, Мырзабай ахундар, Сәтбай сияқты ел қамын ойлайтын адамдардың ұйымдастыруымен арықтар қазылды. Суды бөгет салып көтеру тәжiрибесi кең тарады. Жаңадария бойындағы, тiптi Қарақұм бағытындағы көшкен қар, жаңбыр суын бөгеп егiн егу соның дәлелi.

 

Қазақ шаруашылығының рынокпен байланысы нығая бастады. Бұрындары не қажетiн өзi өндiрiп, өзi жасап алатын болса, ендi тұтыну бұйымдарына Ресей фабрикалары өнiмдерi араласты. ХIХ ғасырдың аяқ шенiнде сауданы кәсiп еткен қазақтар көрiндi.

 

Оқу-бiлiм, мәдениет жағынан жекелеген азаматтардың бастамасымен жасалған жұмыстар болды. Мырзабай ахун, Шаймағанбет ишан, тағы да басқа дiни сауатты ғұлама кiсiлер мешiттерде бала оқытып, елдi сауаттандыруда, имандылық тәрбиесiн беруде елеулi iстер тындырды. Қазақ әдебиетiндегi өзiндiк орны бар Нысанбайдың «Кенесары-Наурызбай» тарихи жыры ел арасына кешегi тәуелсiздiк үшiн күрескен ерлердiң бейнесiн насихаттады. Ақын Жарылқасын қожа осы ХIХ ғасырдың екiншi жартысында өмiр сүрдi. Машай күйшi, Қоқыбай, Еспан, Құжымбай сияқты елге белгiлi кiсiлер болды.

 

…Ғасырлар бойы тәуелсiздiк үшiн күрескен бабалар арманы бүгiн орындалған. Қазақстанның желбiреген көк байрағы жасампаздық жаңа iстерге жiгерлендiре түсуде. Ел бостандығы үшiн қан төккен қаһармандарға арналып қала орталығынан Сыр бойы батырлары деген алып монумент тұрғызылу үстiнде. Жастарымыз сол ескерткiш арқылы бабалар ерлiгiне тағзым ететiн болады.

Қызылорда

Авторы: Ахмет ТIЛЕУЛИЕВ, журналист, Бейбiтбек БҮРКIТБАЙҰЛЫ, өз тiлшiмiз

 

 

 

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!