Рүстем Есдәулетов атындағы фестиваль басталды
Айтулы шараға Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, режиссер Ерсайын Тәпенов және Еркін Жуасбек, Бақыт Нұрпейіс, Меруерт Жақсылықова, Анар Еркебай бастаған белгілі театр сыншылары қатысты.
– Рүстем жаңашыл, жаңалықшыл болатын. Армандары көп еді. Қазақ театрын қайтсем биік деңгейге көтеремін деп жүріп тіпті өзін ұмытып еңбек етті. Рүстем үшін бірінші орында үнемі өнер тұратын. Өскеменге келіп тыңнан түрен салып, тосын, тың эксперименттерге барды. Өнер әлемінде өз сүрлеуін салуға ұмтылды. Сол үшін де әлі ешкім баспаған, ешкім тәжірибесінде қолданбаған тосын шешімдерге барды. Көрерменін өнердің өз тілімен таңғалдыруға жанын берді, – деді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет фестивальдің ашылу салтанатына сөйлеген сөзінде.
Рас, жасындай жарқ етіп, небәрі 31 жасында құйрықты жұлдыздай ағып түскен талант ғұмыры сан қырлылығымен, жаңалықшылдығымен дараланды. Оның айқын дәлелі – Рүстем Есдәулетов театр режиссері ғана емес, сондай-ақ ақын, актер, кинорежиссер ретінде де көпшілікке жақсы таныс. «Бөрінама» жыр жинағының авторы. Өлеңдері «ХХІ ғасыр антологиясына» және басқа да ұжымдық жинақтарға енді. «Лаве», «Обратная сторона» фильмдеріне түсіп, өзі де кино түсірді. Оралхан Бөкейдің «Бес тиын» әңгімесінің желісі бойынша түсірген комедиясы 2007 жылы «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалінде арнайы марапатқа ие болды. Ал театр режиссері ретінде Рүстемнің қолтаңбасына тиесілі «Атымды адам қойған соң», «Толғақ» сынды спектакльдері де талай фестивальде топ жарып, театр әлемінің жаңалығына айналған болатын.
Фестивальдің ашылу салтанатында өнер иесінің өмірі мен шығармашылығын жан-жақты зерделеген «Бөрінама» деректі фильмінің тұсаукесері өтіп, талант ғұмырынан сыр қозғайтын естеліктер айтылып, режиссердің спектакльдерінен үзінділер көрсетілді.
Екі жылда бір рет өткізілетін айтулы фестивальге биыл Өскеменнің өз театрларынан бөлек, Астана, Алматы, Қарағанды, Петропавл, Павлодар, Семей қалалары мен Түркістан облысының Жетісай қаласынан барлығы
9 театр қатысып, бақ сынайды.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»