Баспананың бірыңғай базасы | «Айқын» газеті
Ел Үкіметі мемлекеттік қызмет көрсетудің 9 кезеңнен тұратын бюрократиялық жүйесін қысқартыпты. Бұл туралы Мәжілісте өткен «Үкімет сағатында» мәлім болды. Жиында Әділет министрі Марат Бекетаев депутаттарға жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу саласын жетілдіру бағытындағы жаңа қадамдар мен жұмыс қорытындылары туралы баяндады.
Іс-шараны жүргізген Мәжіліс вице-спикері В.Божконың байламынша, Қазақстан «жылжымайтын мүлікті мемлекеттік тіркеу саласындағы құқықтық қатынастарды заңнамалық түрде реттеген бұрынғы кеңестік елдер арасындағы алғашқы мемлекет болды».
– 2018 жылғы 24 мамырдағы заңға сәйкес, жылжымайтын мүлікті тіркеу функциясы Әділет министрлігінен «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясына көшті. Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Жолдауы бойынша жер қоры мен жылжымайтын мүлік объектілерінің бірыңғай базасы құрылды. Жалпы, мүлікті тіркемеу немесе дер кезінде тіркеп үлгермеу меншікті жоғалтуға соқтырады. Бұл ретте мүлікті жалған құжаттар бойынша тіркейтін сот тәжірибесі орын алуда. Бұған блокчейн технологияларын тездетіп енгізу арқылы тоспа құруға болар еді, – деді Владимир Божко.
Ол жерге қатысты алаяқтықпен күрес мақсатында Үндістанның блокчейн жүйесін қолдануға кіріскенін үлгіге келтірді. Дәл осылай Швеция, Украина және басқа да елдер оны енгізуді жоспарлап отыр.
Өз кезегінде Әділет министрі Марат Бекетаев жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу функциясын өз ведомствосының 2007 жылдан бастап жүргізіп келе жатқанын еске салды.
– Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу саласы жаңа тенденциялар және халықаралық тәжірибе негізінде жүйелі түрде жаңартылады. Жыл сайын елімізде орташа алғанда жылжымайтын мүлікке 1 миллион 700 мыңнан астам құқықтар тіркеледі. Сондай-ақ он миллионнан астам электронды форматта анықтамалар беріледі. Бұл көрсеткіштер жыл сайын өсуде, – деді министр.
Ол осы салада қандай нәтижелерге қол жеткізілгенін мәлім етті. Мәселен, тіркеу мерзімдері 15 күннен 3 күнге дейін қысқартылды. Қазір жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу үшін екі құжатты – құқық белгілейтін құжат пен төлеу туралы түбіртекті ғана ұсынса, жеткілікті. Техникалық паспортты беру талабы алып тасталды.
2015 жылдан бастап нотариустар куәландырған барлық мәмілелерге құқықтарды электрондық тіркеу енгізілді. Бұл мәмілелер бір күн ішінде тіркеледі.
Құқықтық кадастрдағы анықтамалар түріндегі барлық ақпараттық қызметтер электрондық форматқа ауыстырылды. Бұл «Электрондық Үкімет» порталындағы ең көп сұранысқа ие екінші қызмет болып отыр: күн сайын 30 мыңнан астам ақпараттық анықтамалар беріледі.
Әділет министрі салада ірі үш проблема болғанын жеткізді:
– Мемлекеттік қызмет көрсетудің бизнес процесінде көпдеңгейлі жүйе жұмыс істеді. Ол 9 кезеңнен тұратын. Бірінші кезеңде ХҚКО қызметкері азаматтан құжаттар қабылдайды. Ары қарай құжаттарды жинақтаушы бөлімге тапсырады. Өз кезегінде жинақтаушы бөлім күніне екі рет құжаттарды курьер арқылы әділет органдарына жіберетін. Келіп түскен құжаттар әділет органдарындағы тіркеушілер арасында бөлінеді, – деді М.Бекетаев.
Осы орайда архив қызметкері тіркеу ісін архивтен іздеп тауып, оны тіркеушіге береді. Одан кейін тіркеуші мәліметтерді деректер базасына енгізе отырып, құқық белгілейтін құжаттарға сараптама жүргізеді. Содан соң Әділет аумақтық органының басшысы қорытындыға тексеру жүргізіп, келісуді жүзеге асыратын да, құжатқа үш тұлға – атқарушы, бөлім бастығы және басшының орынбасары қол қоятын. Одан ары дайын құжаттар қайтадан курьер арқылы күніне екі рет ХҚКО-ға (қазір «Азаматтарға арналған үкімет» филиалы) жіберілетін. Ал ақырғы кезеңде осы құжаттар қызметі тұтынушыға, азаматтарға беріледі.
Министр тағы бір проблема «тіркеушілердің жалақысының аздығына» қатысты болғанын да алға тартты.
– Жылжымайтын мүлік құқығын тіркеу функцияларын штаттан тыс қызметкерлер жүзеге асырды. Республика бойынша шамамен 700 тіркеуші болды. Олардың жалақысы 50 мың теңгеден аспайтын. Жалақының төмендігі салдарынан, кадрлардың тұрақсыздығы мен тіркеуші мамандардың тапшылығы байқалды. Үшінші проблема – құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесін жаңартуға және дамытуға қаражаттың жетіспеушілігі болды. Соның кесірінен ақпараттық жүйе жұмысында техникалық істен шығулар туындап тұрды. Мысалға, 2017 жылдың ақпанында сұрау салу санының 4 есе артуына байланысты негізгі және резервтік сервер істен шықты, – дейді М.Бекетаев.
Осы айтылған түйінді мәселелерді шешу үшін Әділет министрлігі, Ақпарат және коммуникациялар министрлігімен бірлесіп, 2017 жылдың наурызында жылжымайтын мүлік құқықтарын тіркеу функцияларын әділет органдарынан алып, мемлекеттік корпорацияға беру бойынша пилоттық жобаны қолға алған. Ол оң нәтиже көрсеткендіктен, мамыр айында аталған функциялар заң жүзінде мемлекеттік корпорацияға тапсырылды. Құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесі де соның сенімгерлік басқаруына беріліп отыр.
– Бұл қадам әлгінде айтылған проблемаларды қалай шешеді? Енді құжаттарды қабылдау және беру «Азаматтарға арналған Үкімет» мемкорпорациясының фронт-офисінде, ал тіркеу бэк-офисінде жүзеге асырылады. Яғни, бұрынғыдай курьерлер құжаттарды ешқайда тасымалдамайды. Қаржы, еңбек және уақыт шығындары қысқарды. Құжаттарды құқықтық талдаумен, мәліметтерді деректер базасына енгізумен әділет органдарынан ауысқан білікті мамандар айналысуда. Олардың жалақысы 100 мың теңгеге дейін ұлғайды, – деді Әділет ведомствосының басшысы.
Ол жылжымайтын мүлікті мемлекеттік тіркеу үшін алым алу жойылғанын айтады: жыл сайын тек осыдан жергілікті бюджеттерге 3 миллиард теңге түсетін. Рас, ол алым мемлекеттік корпорацияның есепшотына түсетін төлеммен алмастырылған. Осы қаражат ақпараттық жүйелерді дамытуға, жаңа жабдықтар сатып алуға және мемкорпорация қызметкерлері жалақысын арттыруға бағытталады.
Министр алда азаматтарға баспананы уақытында тіркемегені үшін әкімшілік жаза алып тасталатынын хабарлады.
– Бұл норма 2007 жылы салықтық әкімшілендіру және халықты жылжымайтын мүлікке өз құқықтарын тіркеуге мәжбүрлеу мақсатында енгізілді. Алайда соңғы жылдары осы құрам бойынша аз ғана әкімшілік іс қозғалғаны байқалады. Сондықтан жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу мерзімін өткізіп алғаны үшін әкімшілік жауаптылықты алып тастау туралы мәселені қарау ұсынылады, – деді Марат Бекетаев.
Үкімет сағатының қорытындысында депутаттар айтқан ескертпелер мен ұсыныстар негізінде Үкіметке және мүдделі меморгандарға ұсыныстар түзілді.
Айхан ШӘРІП
Дереккөз: Айқын