Назарбаевтың “бұлыңғыр” портреті. «Хабар» техникалық қателік екенін айтты

«Хабар» телеарнасы 1996-2000 жылдары түсірілген “Тоғысқан тағдырлар” сериалын қайта көрсете бастады. 20 серияда бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың портретін бұлыңғырлатып қойған, деп хаьарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Сериал YouTube платформасына жақсартылған сапада жүктелген.
«Тоғысқан тағдырлар» телехикаясы 1996-2000 жылдар аралығында түсірілген. Оның 465 бөлімі көрсетілді. ТМД елдері медиафорумының нұсқауы бойынша ол 1998 жылдың үздік телехикаясы танылып, қазақ көрермені арасында үлкен рейтиңге ие болды. Ұзақтығы жағынан содан бері ешбір сериал «Тоғысқан тағдырлардан» асып түсе алмады.
Агенттіктің мәлімдеуінше, ақпан айының 10-нан бастап сериалдың цифрлық форматта жақсартылған нұсқасы «Хабар» телеарнасы мен Khabar RETRO YouTube-арнасында көрерменге жол тартқан.
«20-сериядағы эпизодты цифрландыру кезінде техникалық қате кетіп қалды. Біз осы жағдайды жедел түрде түзеттік. Эпизодты мұқият қарап, кемшілікті көрсеткен көрермендерімізге алғысымыз шексіз», – дейді агенттік өкілдері.
«Хабар» арнасының айтуынша, көрермендер YouTube платформасында осыған дейін де дыбысқа қатысты біршама қателіктерді байқап, оларды түзетуге себепші болған.
Телеарна мамандарының жедел әрекетінің арқасында, Назарбаевтың портреті қазір Khabar RETRO арнасында қалпына келтіріліп, бұлыңғырлық толық жойылыпты.