Алматы қаласындағы “Ахляк” жеке балабақша тәрбиешісі баланы тұншықтырған
![](https://kznews.kz/wp-content/uploads/2025/02/IMG_5766-905x500.png)
Алматы қаласындағы “Ахляк” жеке балабақшасында тәрбиеші баланы тұншықтырған. Бұл туралы баланың анасы желіге видеосын жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
“Ахляк” жеке балабақшасының тәрбиеленушісі, 4 жасар баланың анасы Бану Тілеушова әлеуметтік желіге баласын тәрбиешінің жұлқылап, тұншықтырған видеосын жариялап, көмек сұрады.
“12 ақпан күні балам балабақшадан келгенде “мама апай мені ұрды, жұлқылады” деп қолымен қалай болғанын көрсетіп айтты. Шыны керек, қатты мән бермедім, олай жасамайды, деп ойладым. Келесі күні тағы балам “мама мені апай тұншықтырды” деп тағы да шағымданды. Балам қатты қорқып тұрды”, деп жазды Бану.
Одан кейін ол бірден балабақшаға барып, не болғанын сұрап, камераны көрсетуін талап еткен. Басында камера жасамайды деп ұзақ көрсетпеуге тырысқан. Айтуынша, полиция шақырамыз дегенде ғана камераны көрсеткен.
“Камераны көріп таң қалдық, тек 2 күнін көрдік. 2 күнде де дәл балам қалай айтты, солай болған. Бүгін балам балабақшаға келген күннен бастап бәрін қараймыз. Құдай білсін, тағы нестегендерін. Бұл видеода баламды 10 минут бойы қайта-қайта тұншықтырып, мойнын қысып, аузы мен мұрнын жауып тұрғанын көріп тұрмыз. Ең қорқыныштысы, артындағы екі апайдың көріп отырып, тамақ іше бергендері, ал балам қиналып көмек сұрап жатыр. Баламды бір емес, екі емес қайта-қайта тұншықтырып, осындай әрекет жасап отырғанда “психикалық түрде ауытқуы бар ма” деп қалдық.
…Мен апайына келетінімді айтып жазған кезде тоқтаған, баланы тыныштандырып, дайындаған. Ал мен келмесем не болады? Бұл видео барлығына тарағанын қалаймын. Қолдауларыңыз керек”, деп жазды баланың анасы.
Ата-аналар Бостандық аудандық полициясына арыз жазды.
Айта кетсек, балабақша жылына шамамен, 1,8 млн теңге тұрады.