Ұлыбританияда енді жұмыс істеуге барған қазақстандықтардың құқықтары қорғалады

0

Қазақстан мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі еңбектегі қанау мен заңнаманы бұзуға қарсы меморандумға қол қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Лондонда өткен «Қазақстан-Ұлыбритания» стратегиялық диалогы шеңберінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Ұлыбританияның еңбектегі қанау мен заңнаманы бұзуға қарсы іс-қимыл қызметі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат тараптардың еңбек көші-қоны саласындағы өзара іс-қимылын көздейді.

Меморандумға сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Ұлыбританияның Еуропа, Солтүстік Америка және шет елдер істері жөніндегі мемлекеттік министрі Стивен Даути қол қойды.

Құжат бойынша тараптар келісімі:

  • Ұлыбритания аумағында Қазақстанның азаматтарын уақытша жұмысқа орналастыру шарттары мен рәсімдері туралы ақпарат алмасу;
  • Қазақстаннан еңбек қызметі үшін Ұлыбританияға жұмыскерлерді жіберетін жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің қызметі туралы ақпарат алмасу, сондай-ақ қабылдаушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес олардың қызметін растау;
  • Қазақстан азаматтарының Ұлыбритания аумағындағы еңбек қызметі кезеңінде, оның ішінде Тier-5 маусымдық жұмыс визасы (seasonal worker visa) шеңберінде еңбек және әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз етуге және қорғауға бағытталған өзара ынтымақтастық;
  • Сұранысқа ие жұмысшы мамандықтары және Қазақстан азаматтарының қажетті кәсіптік даярлығы туралы ақпарат алмасу.

Меморандумға қол қою – Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы еңбек құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастықты нығайту жолындағы маңызды қадам.