Жаңалықтар

«Қолында өлемін»: Асанәлі Әшімовтің марқұм ұлы туралы жазған жазбасы тарады

Ayzhan Sylanova Ayzhan Sylanova
«Қолында өлемін»: Асанәлі Әшімовтің марқұм ұлы туралы жазған жазбасы тарады

Қазақ өнерінің аңыз тұлғасы Асанәлі Әшімов күнделігіндегі жазбаларының бірінде өміріндегі ең ауыр қасіреттердің бірі – марқұм ұлы Сағи туралы тебірене сөз қозғайды. Бұл жолдарда әкенің өкініші, уақытқа үлгермеген махаббаты мен тағдыр алдындағы шарасыздығы айқын сезіледі, деп хабарлайды kznews.kz.

Өнер иесі балаларының тәрбиесіне көңілі толатынын айта отырып, әкелік мейірімді дер кезінде көрсете алмағанына қатты өкінетінін жасырмайды. Оның айтуынша, балаларына деген сезімі суықтықтан емес, тығыз жұмыс пен уақыттың тапшылығынан сыртқа шықпаған. «Балаларым үнемі қасымда жүре береді» деген оймен, олардың балалық шағындағы маңызды сәттерге – ата-аналар жиналысына, алғашқы және соңғы қоңырау салтанаттарына қатыспағанын өмір бойы жүрегіне жүк еткен.

"Менің балаларымның тәрбиесі жақсы болды. Екеуінің де. Бірақ мен қазір балаларымның бетінен бір сүйе алмай қалғаныма қатты өкінемін. Екеуін бір еміреніп құшақтамаған екенмін. Бұны енді менің қаталдығыма жатқызуға болмайды. Мен оны уақытымның аз болғанынан, тығыз болғанынан көремін. "Балаларым ешқайда кетпейді, өмір бойы қасымда жүре береді" деген ойда жүре беріппін. Мектеп қабырғасында жүргенде бірде-бір рет ата-аналар жиналысына, не болмаса, алғашқы қоңырау, соңғы қоңырау дегендеріне бармаппын. Уақытымды соларға арнамадым. Үлкенім үлкен кісілерге тиесілі болды. Әсіресе соған еш көңіл бөлмеппін. Бірақ іштей жанымдай жақсы көрдім. Олар да мені жанындай жақсы көрді. Бірде Сағи: "Осыдан сізді біреу ренжітіп, жаманшылық істесін, солардың қолында өлемін" дегені бар-ды. Мені "аға" дейтін. Ол сәл қызба-тұғын. Бұның өзі балалық қамқорлығы шығар деп ойлаймын. Міне, осындай қарым-қатынастар болды.

Мен қайдан білейін, олардың бірінің артынан бірінің кетіп қалатынын. Мен кейде ойлаймын: асып-тасып, есіріп бара жатсаң өмірдің өзі бірден қалпыңа түсіреді, орныңа әкеле қояды. Өмір, тағдыр. Менің де жастықпен, білместікпен артық кетіп қалған жағдайларым болды. Кей сәтте тағы ойланамын, солардың ерте кеткеніне менің кінәм бар шығар деп. Өйткені өмір дегеннің тепе-тендік заңдылығы бар ғой…", - деп жазған ол.

Бұл жазба – тек бір әкенің ішкі мұңы ғана емес, уақыттың қадірін кеш түсінетін барша ата-анаға ой салатын терең толғаныс.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz