Жезқазғанда жиырма миллионыншы қазақстандықты құттықтады
Халықтың деректер базасының көрсеткіштеріне сәйкес, 2023 жылғы 14 қарашада сағат 08:10-да туған 5 бала еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны болды. Олардың арасында Ұлытау облысындағы Сейтжан отбасының перзенті Томирис те бар.
Бүгін жас ана Әйгерім Молдашеваны құттықтау үшін облыс әкімінің міндетін атқарушы Ұлантай Үсенов, қала әкімі Қайрат Шайжанов, қалалық мәслихат төрағасы Раушан Капарова арнайы барды. Томиристің анасына мемлекет басшысының, Ұлытау облысының және Жезқазған қаласы әкімдерінің атынан арнайы сыйлықтар табысталды.
Сонымен қатар, айтулы оқиғаның құрметіне орай жас отбасыға «Отбасы банк» АҚ-нан 2 млн теңге сомасында сертификат табысталды.
Қазіргі уақытта жас келіншектің жағдайы жақсы. Бүлдіршіннің салмағы 3 келі болса, бойы 49 см. Әйгерім Молдашеваның айтуынша, қыздың есімін атасы таңдаған.
Қала әкімі әкімдік атынан 20 миллиондық қазақстандық есебін бастайтын сәбилерді де құттықтап, естелік сыйлықтар тарту етті.