Механиктен ірі активтердің иесіне дейін: Экс-президенттің інісі Болат Назарбаев туралы не білеміз
13 қарашада экс-президенттің інісі Болат Назарбаевтың Алматыдағы орталық клиникалық ауруханада көз жұмғаны белгілі болды. Мансабын механиктен бастаған ол еліміз тәуелсіздік алып, ағасы билік басына келген соң ірі активтердің иесіне айналды. Өмірінің соңына дейін «BN Invest» қаржы-өнеркәсіп холдингін басқарды.
Өмірбаяны
Болат Назарбаев 1953 жылы 23 наурызда Алматы облысындағы Шамалған ауылында дүниеге келген, отбасының кенжесі. Болат 18 жасқа толғанда әкесі Әбіш дүние салады. Журналист Гүлмира Нәлібайға берген сұхбатында Болат Назарбаев 1-сыныпқа дейін тауда өскенін айтқан.
Болат әскери борышын өтеген соң 1970 жылы кәсіби техникалық училищеге түсіп, «Механизатор» мамандығын тәмамдап шығады. 1973-1988 жылдары механик, аға механик, бригадир, «Шамалған» совхозы директорының орынбасары қызметтерін атқарған.
Ал 1988-1989 жылдары Қаскелең қаласындағы нан зауыты директорының орынбасары болып жұмыс істейді.
1989 жылдан бастап кәсіпкерлікке бет бұрып, қой-ешкінің терісін дайындау және сатумен шұғылданады. Ал 1992 жылы «Іңкәр Агро» ЖШС холдингінің вице-президенті атанады. 1997 жылдан бастап жеке «BN Invest» қаржы-өнеркәсіп холдингін басқарады.
2000 жылы Болат Назарбаев “Қазақмыс” корпорациясының директор кеңесінің мүшесі атанды, бірақ көп ұзамай Назарбаев бұл тізімнен алынып тасталды. 2014 жылы экс-президенттің інісі RBK банкі акционерлерінің қатарына қосылды. Сол кезде Болат банктің 7,83 пайыз акциясына иелік еткен.
Болат Назарбаев 2010 жылы “Қарасай ауданының құрметті азаматы”, 2012 жылы “Алматы облысының құрметті азаматы” “Қазақстан Республикасының Тәелсіздігіне 20 жыл” және “Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл” медалімен, 2016 жылы “Парасат” орденімен марапатталған.
Отбасылық өмірі
Болат Назарбаев 1974 жылы Гүлжан Назарбаевамен отау құрған. Үлкен қыздары Гүлмира Әбішева 1975 жылы, Құндыз Назарбаева 1976 жылы, ұлы Нұрбол Назарбаев 1983 жылы дүниеге келген.
Гүлжан Назарбаева 2020 жылдың 29 шілдесінде жүрек-қан тамыры дертінен 65 жасында дүние салған.
Болат Назарбаев қорының сайтында ұсынылған мәліметке сүйенсек, ұлы Нұрбол мен қызы Гүлмира Алматы қаласында тұрады. Нұрбол Назарбаев ұзақ жылдар бойы құқық қорғау органдарында қызмет еткен. Кейін ол да кәсіппен шұғылданып, 2022 жылы Forbes нұсқасы бойынша ең бай қазақстандықтардың қатарына қосылды (байлығы 160 миллион доллар деп бағаланған). Ал Гүлмира Әбішева 2016 жылдан бастап Алматы облысы Қарасай аудандық мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы қызметін атқарған.
«Тек 1 әйелім бар»
Журналист Гүлмира Нәлібайға берген сұхбатында Болат Назарбаев бірнеше әйелі бар екенін жоққа шығарды. Сөзінше, тек Гүлжан Назарбаевамен ресми некеде болған.
«20, 40 әйел деген жоқ. Біз мұсылманбыз ғой, Құранның ережесімен тұрамыз. Шамасы келсе 4 әйел алуға рұқсат дейді. Бірақ көп әйел алу мақтаныш емес. Кейбірі «4, 5 әйелім бар» деп жатады. Бірінші әйелінен тығылып басқасына бару өмір емес. Жасырмай істеу керек бәрін, барлығын бірдей ұстап, балаларына бірдей қарау қажет. Ал бірінші әйелі барлығын білу керек», – деді Болат Назарбаев.
Әйткенмен Назарбаевтың екінші әйелінің есімі Майра Құрманғалиева екені де көп аян. 2022 жылы Болат Назарбаев үшінші әйелі Гүлнұр Уахапқызымен соттасып, әйелден фамилиясын тартып алуды талап еткені анықталды. Назарбаевтың талабы 2022 жылдың 28 қыркүйегінде сотта қаралып, экс-президенттің інісі жеңіп шықты.
Гүлнұрмен некесі ресми түрде расталмаған. Гүлнұр Назарбаева туралы жұртшылық Instagram-дағы парақшасында қымбат киімдермен түскен фотосуреттері мен видеоларын жариялаған кезде біле бастады. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында зәулім сарайын да көрсетті. Әйел Болат Назарбаевтан үш баласы бар екенін мәлімдеді.
2022 жылы әнші Динара Әлжан Нұрсейіт Жылқышыбайдың «Уақыт көрсетеді» бағдарламасына сұхбат беріп, экс-президенттің інісінің тоқалы болғанын мәлімдеді. Айтуынша, әйел Болат Назарбаевпен 2016 жылы танысқан.
“Келесі күні таңертең 8-де кел деді. Ол кезде жасым 27-де. Маған бірден 15 сотық жерімен 362 шаршы метр үй сыйлады. Осыдан кейін 1 аптадан кейін некемізді қидық. Алғашқы кездесуге келгенде «Неге кішкентай сөмкемен келдің, жаным?» дегенде мені төмендетпек болды деп ойлағам. Бірақ ол «Жоқ, жаным, ақшаны енді қайда салып беремін?» деді», – дейді әнші.
Болат Назарбаевтың дерті туралы сұхбат дайындаған «Экспресс К» порталы оның тағы бір әйелі – Динара Мамитековамен тілдескен еді. Оның айтуынша, Болаттың 20 баласы бар. Кейбірін өзі де ұмытып қалған.
«Оның 20 баласы туралы білеміз. Өзі кейбіреуін ұмытып та қалған. Бірақ мен әрқайсысының аттарын білемін. Әр жолы оған балалары туралы айтып отырамын. Әр баласының туған күнін жазып алғанбыз. Екінші әйелінен Ербол атты ұлы бар. Бізбен араласып тұрады”, – дейді ол.
«Ағам қоңырау шалса, орнымнан тұрып кетемін»
Болат Назарбаев манбасын қалыптастыру кезінде және кәсіппен шұғылданғанда ағасынан бірде-бір рет көмек сұрамағанын айтады.
«Бәрі айтады «Үлкен ағасы» көмектеседі деп. Осыған дейін «Мына жерде жұмыс істегім келеді» деп бірде-бір сұрамағанмын. Ағама ауыртпалық түсірмедім. Ол кісі маған әкедей болып кетті. Қоңырау шалса, орнымнан тұрып кетемін. Отырып сөйлесе алмаймын. Мұны сыйластық деп ойлаймын. Сағынып кетсем өзім барамын, кейде өзі шақырып алады», – дейді ол.
Меценат және “Салиқалы ұрпақ” қоры
Болат Назарбаев қорының сайтында экс-президенттің інісін “меценат және филантроп” деп көрсеткен. Қор дерегіне сәйкес ол әлеуметтік жағдайы төмен жандарға көмек көрсетіп, еміне қажетті шығындарды өтейді. Сонымен қатар салауатты өмір салты концепциясын дамытып, жетім балаларды қордың қамқорлығына алған.
Болат Назарбаевтың бастамасымен құрылған “Салиқалы ұрпақ” қоғамдық қоры қайырымдылық шараларына қаржы да бөледі екен. Бұдан бөлек қор “Үшқоңыр” медресесін де қаржыландырады, жыл сайын 100 отбасыға азық-түлік бөледі. Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға және жетім балаларға көмектесу үшін “Береке үйі” жобасын да іске қосқан.
Болат Назарбаевқа қатысты даулар
Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін экс-президенттің інісінің активтері мемлекет меншігіне қайтарыла бастады. Солардың қатарында Алматы облысындағы ең үлкен базар «Алтын Орда», Алматыдағы «Барыс-4» көтерме сауда базары, «Барыс» көлік базары бар. Сондай-ақ қаржылық мониторинг агенттігі Болат Назарбаев қатысы бар заңсыз майнинг фермаларының қызметі тоқтатылғанын хабарлады.
Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Болат Назарбаевтың 5 жыл ішінде Қаскелең, Талғар, Нұр-Сұлтан қалаларында коттедж қалашығын және әкімшілік ғимарат пен базар салуға 240 гектар болатын 59 жер телімін алғанын мәлімдеген еді. Amanat партиясының мәліметіне сүйенсек, Болат Назарбаевтан 300 мың гектарға жуық жер қайтарылған.
Сондай-ақ 7 жылға сотталған кәсіпкер Алмас Абдығаппаровтың жақындары Болат Назарбаевтың жақындарынан қысым көргенін және құрылыс компаниясының бір бөлігін заңсыз тартып алғанын хабарлаған.
«Менің күйеуімді 2016 жылы Б.Назарбаевтың «оң қолы» Каспаев Елдос пен Құндыз Назарбаеваны құралтайшылар ретінде алуға мәжбүр етті. Осы адамдар тарапынан шамамен 40 млн доллар сомасында қаражат шығарылды, бұл үлескерлер алдында жылжымайтын мүлікті уақтылы тапсыру бойынша міндеттемелердің орындалмауына әкелді. Бұлар компанияға бір тиын да үлес қоспағандар”, – деген еді Ольга Әбдіғаппарова.
2023 жылдың 6 қыркүйегінде ҰҚК Елдос Қоспаев бастаған ұйымдасқан қылмыстық топтың Кипрде қолға түскенін хабарлады. Болат Назарбаевтың “оң қолы” атанған Қоспаевтың тобына қорқыту және зорлық-зомбылық жасау арқылы кәсіпкерлердің мүлкін, олардың компаниялардағы үлестерін тартып алған, сондай-ақ көлеңкелі бизнеспен айналысу секілді айыптар тағылды.
Еске салайық, 13 қарашада Болат Назарбаев 71 жасқа қараған шағында Алматыдағы орталық клиникалық ауруханада көз жұмды. Батсапқыда аурухана өкілдері бұл ақпаратқа қатысты пікір білдіруден бас тартқанымен, көп ұзамай экс-президенттің өлімін растады.