Әртүрлі мамандардың басын қосқан дөңгелек үстел

0

Биыл Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Social project management» орталығы бас бостандығынан айыру орындарынан шыққан адамдарды әлеуметтік бейімдеуге арналған жобаны іске асырды. Түзеу мекемелері мен пробация қызметінде психоәлеуметтік бағдарламалар ұйымдастырылып, тіркеуде тұрған адамдарға құқықтық қызметтер көрсетіліп, консультациялар берілді. Жұмыс берушілермен, еңбек мобильділігі орталығы мамандарымен кездесулер өтті.

Жобаның қорытындысы ретінде 27-қазан күні Қазақстан Жазушылар кітапханасында «Бас бостандығынан айыру орындарынан шыққан адамдарды әлеуметтендіру» атты дөңгелек үстел өткізілді. Оған Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті қызметкерлері, еңбек мобильділігі орталығының мамандары, психологтар, заңгерлер, үкіметтік емес ұйым өкілдері және тағы басқалар қатысады. Атап айтқанда заңгер Қуат Ауғанбек, психолог Гульбанум Мурадуллаева, Алматы қаласы Еңбек мобильділігі орталығы Жұмыс берушілерді қолдау бөлімінің маманы Дәурен Тұрлыбек, Алматы қаласы Еңбек мобильділігі орталығы Жұмыс іздеушілерді қолдау бөлімінің маманы Райымбек Болат, Алматы қаласы Полиция департаментінің аға инспекторы Аида Бимаханбетова, Әуезов ауданы Пробация қызметі басшысының орынбасары Тұрсынай Аутова, Түрксіб ауданы Пробация қызметі инспекторы Шолпан Қарабалаева және тағы басқалар қатысып, өз ойларын ортаға салды.

Психолог Гульбанум Мурадуллаеваның айтуынша түрмеден шыққан адамдарға топтық терапия өткізу керек. «Мен жоба барысында оларға әртүрлі суреттер салдырып, психоәлеуметтік диагностика жүргіздім. Сол арқылы олардың ішкі жан дүниелерінде не болып жатқанына үңілдім» дейді ол.

Ал заңгер Қуат Ауғанбек жоба кезінде 40-тан астам адамға құқықтық көмек көрсетілгенін, заң органдарында тіркеуде тұрған кісілерге өтініш, талап жазуғаға жәрдемдескенін айтты.

Шынын айту керек дөңгелек үстелдің негізгі бөлігі бас бостандығынан айыру орындарынан шыққан адамдарды қалай жұмыспен қамтимыз деген мәселеге арналды. Модератор, әрі жоба жетекшісі болған Бейбіт Молдахметұлының айтуынша биыл жоба аясында жұмыс берушілермен 10 кездесу өткізілген. Алайда түрмеден шыққандарға жұмыс берушілер ұсынып отырған еңбекақы мөлшері ұнамапты. Соған байланысты ол дөңгелек үстелге қатысып отырған Алматы қаласы Еңбек мобильділігі орталығы Жұмыс берушілерді қолдау бөлімінің маманы Дәурен Тұрлыбекке осы бойынша сауал қойып, мәселені қалай шешу керек екендігін сұрады. Д.Тұрлыбек келесі жылдан бастап түрмеден шыққандардың арнайы квотамен жұмысқа қабылдайтын жұмыс берушілердің жаңа базасы жасалып жатқанын, оған 100-ге жуық жұмыс беруші компаниялар енетінін айтып өтті. «Жұмыс берушілердің ішінде де әртүрлі компаниялар бар. Ұсынатын жалақы мөлшері де әртүрлі болмақ. Тізімге енетін компаниялар көп болған сайын, бас бостандығынан айыру орындарынан шыққан адамдардың жұмысқа тұру ықтималдылығы да жоғары болады. Бірақ түрме көрген адамдардың мінездері қиындау болатынын есте ұстауымыз керек. Түрме түгілі, университет бітіріп, диплом алып шыққан жас мамандардың өзіне жұмыс табу оңай емес. Сол себепті бас бостандығынан айыру орындарынан шыққан адамдарға жан-жақты қолдау керек» деді Еңбек мобильділігі орталығынан келген маман.