«Міржақып. Оян, қазақ!» фильмін прокаттан алып тастады
Әлеуметтік желіде қазақстандықтар ел кинотеатрларында «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмінің көрсетілімі тоқтатылғанына наразылық білдіріп жатыр, деп хабарлайды Kznews.kz.
«Жаңа ғана прокаттан «Міржақып. Оян, қазақ » фильмі алынғанын білдім! Естігеніме сенбей, барлық онлайн кассаларды тексердім – расында да, жоқ екен. Мен мұндай бұйрықтардың тамыры ең жоғары кабинеттерден шыққанына сенімдімін. Тек қайсынан екенін нақты айта алмаймын», — дейді Алматы тұрғыны.
Ulysmedia.kz тілшісі кино билеттерін сататын танымал сервистің анықтама қызметінен фильм көрсетілімі тоқтатылғанын білді.
«Бұл фильм бүкіл Қазақстан бойынша прокаттан алынды. Ақпаратты кеше алдым, көрсетілім нақты қашан тоқтатылғанын білмеймін. Премьерасы болды, содан кейін алып тастады», — деп хабарлады анықтама қызметінен.
Айта кетерлігі, кинотеатрлар желісі өткен аптада әлеуметтік желіде 30 қыркүйек пен 1 қазан аралығында осы фильмнің соңғы көрсетілімі өтуі мүмкін екенін хабарлаған. Фильмнің премьерасы 21 қыркүйекте ғана өткен болатын.
Фильм өткен жылы Qazaqstan телеарнасынан көрсетілген аттас телехикаяның негізінде түсірілген.
Тарихи фильм 1909-1935 жылдарды, «Алаш-Орда» үкіметі мен Қазақстанның ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі Міржақып Дулатұлының өмірінің айтулы кезеңін қамтиды.
Басты кейіпкердің рөлін Бақыт Қажыбаев, ақынның жұбайы Ғайнижамалдың рөлін актриса Зарина Кармен ойнады.