Алматы облысында бала балабақшада кәріз құдығына құлап көз жұмды

0

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Қырбалтабай ауылындағы балабақшалардың бірінде ашық тұрған кәріз құдығына құлап кеткен 3 жасар бала ауруханада көз жұмды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің басшысы Бауыржан Әленов Instagram-парақшасында бөлісті, — деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі.

Оқиға туралы полицияға 13 қыркүйекте сағат 13:08 шамасында хабарланған. «Бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 141-бабының 2-бөлігі бойынша (балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау) полицияда тіркелді.

«Қазір оқиғаның барлық мән-жайын толық, объектив және жан-жақты зерделеу үшін қажетті сараптамалар тағайындалып, жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр», — деді Алматы облыстық полиция департаментінің басшысы.

Тергеу барысын облыстық полиция департаментінің басшысы өз бақылауына алды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге де мәліметтер жария етілмейді.