Смайылов өзі басқарып отырған үкімет мінсіз жұмыс істегеніне сенімді

0

Премьер-министр Әлихан Смайылов өзі басқарып отырған үкімет өзіне жүктелген міндеттерді қалтқысыз орындап отырғанына сенімді, деп хабарлайды Kznews.kz.

“Пандемия мен күрделі геосаяси жағдайларға қарамастан, қабылданған шаралардың арқасында ел экономикасы сенімді өсім көрсетуде. Ағымдағы жылғы 7 айдың қорытындысы бойынша Жалпы ішкі өнімнің өсуі 4,8%-ті құрады. Биыл экономиканың өсімі 5% деңгейінде болады деп күтілуде. Барлық негізгі салаларда оң динамика байқалады”, – деді премьер Amanat партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында.

Смайыловтың сөзінше, биыл жалпы ішкі өнім жан басына шаққанда 13,3 мың долларға дейін өсті.

“Сыртқы сауда айналымы биыл 140 млрд долларға дейін ұлғаяды. Қазір еліміздің халықаралық резервтері 95 млрд долларды құрайды. Инфляция біртіндеп төмендеуде. Ол алдыңғы жылмен салыстырғанда жылдың соңына дейін 2 есе төмендейтін болады”, – деп сендірді ол.

Үкімет басшысы президенттің алдыңғы жолдауларда берген тапсырмалары орындалды деп есептейді.

“Жүйелі және ұзақ мерзімді тапсырмаларды іске асыру жалғасуда. Жаңа және әділетті Қазақстанды құру жолында маңызды қадам жасалды деп ашық айтуға болады. Бүгін мен бірқатар жұмыс нәтижелеріне ғана тоқталдым. Жалпы халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ауқымды жүйелі жұмыс атқарылып келеді. Үкімет Парламентпен бірлесіп, алға қойылған міндеттерді іске асыру жұмысын жалғастырады”, – деді ол.

Айта кетейік, бұдан бұрын Ulysmedia.kz тілшісі премьер-министр Смайыловтың үкімет басына қалай келгеніне шолу жасап, оның өзіне жүктелген  міндеттерді қаншалықты дұрыс атқарғанын сараптаған.