«Тәртіп бұзғандар жазаланады»: Астана әкімі жәрмеңкедегі видеоға қатысты пікір білдірді
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Тәжікстанның ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп өнімдері, халық қолөнері және ұлттық тағамдары көрме-жәрмеңкесінде түсірілген видеоға қатысты мәлімдеме жасады, деп жазады Kznews.kz Nege.kz сайтына сілтеме жасап.
«Құрметті елорда тұрғындары мен қонақтары! Өздеріңізге белгілі, өткен демалыста EXPO алаңында Тәжікстанның мәдениет күндері аясында ауыл шаруашылығына, өнеркәсіп өнімдеріне және ұлттық қолөнеріне арналған көрме-жәрмеңке өтті. Жәрмеңкеде 1000 тоннадан астам өнім сатылды», — деді
Жеңіс Қасымбек кейбір адамдардың орынсыз әрекетіне байланысты Астана қаласының барлық тұрғынына сөз тигенін атап өтті.
«Жәрмеңке мүлкіне зиян келіп, кейбір азаматтар шатырларды, сөрелерді, декорацияларды сындырды. Қоғамдық тәртіп те бұзылды. Бұл – мәдениеттің төменділігінің, адам еңбегін құрметтемеудің белгісі. Кейбір адамдардың орынсыз әрекетіне байланысты Астана қаласының барлық тұрғынына сөз тиді. Көрме-жәрмеңкеге 100 мыңға жуық адам қатысты, бұл іс-шарада қала тұрғындарының басым бөлігі мәдениетті болғанын ерекше атап өткім келеді.
Оларға алғысымды білдіремін! Полицияға вандализм әрекеттерін жасаған және қоғамдық тәртіпті бұзған адамдарды анықтау жұмысы тапсырылды. Құқық бұзушылар жауапқа тартылады», — деп жазды елорда әкімі.
фото: gov.kz