Алматы метро желісін салу кезінде 5 млрд теңге жымқырылған

0

Алматы метро желісін салу кезінде 5 млрд теңгені жымқыру ісі сотқа жолданды, деп хабарлайды бас көлік прокуратурасы.

«Күдіктілер Алматыдағы метрополитенінің жаңа желісін салу кезінде ауқымды басқару функциясына ие болған. Дәл осы өкілеттіктерді пайдаланып, олар 5 млрд теңгені жымқырған. Ол үшін күдіктілер жалған баға ұсыныстарын жинақтап, солардың негізінде құны 10 есе жоғары болатын құрал-жабдықтарды сатып алуға смета жасады. Бүгінгі таңда қылмыстық іс сотқа жолданған», — делінген хабарламада.

«Метрополитен» КМК бұрынғы басшылығы, сондай-ақ мердігер ұйымдар — «Алматыметроқұрылыс» АҚ және «Автоматтандыру және технологиялар сервисі» ЖШС лауазымды тұлғаларына қатысты істі тергеу аяқталды. Іс Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы («Бөтеннің мүлкін аса ірі көлемде иемденіп алу немесе жымқыру») және 216-бабының 3-бөлігі («Қылмыстық топтың жұмыстарды, қызметтерді нақты орындамай, тауарларды жөнелтпестен шот-фактура беру») бойынша тергелді.

Тергеу мәліметі бойынша, жымқырылған қаражатты «жалған кәсіпорындар» арқылы қолма-қолға айналдырды. Жымқырған ақшаны қайтару үшін үш қымбат пәтерге, Алматы қаласындағы бір кеңсеге, Алматы облысындағы жер учаскесіне, люкс автокөліктеріне, брендтік сағаттарға және күдіктілердің басқа да бірқатар активтеріне тыйым салынды.

фото: kapital.kz