«Отандастырымыздың қазасы арқылы байып жатыр»: Депутат Лакшми Митталдың компаниясын елден қууды ұсынды

0

Мәжіліс депутаты Никита Шаталов Лакшми Митталдың компаниясын Қазақстаннан қууды ұсынды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутат «Қазақстан» шахтасындағы апатты тілге тиек етіп, 4 адамның әлі табылмағанын айтты.

«Мен не айта аламын? Миттал соңғы жылдары болған қайғылы оқиғалардан қорытынды шығармаған. Шахталар мен қауіпсіздік жүйелерінің жағдайы сол күйі, менеджмент табысты арттыруға бағытталған. Оларға қанша қазақстандықтың өлетіні, олардың денсаулығына қауіп төнгені маңызды емес», – деді ол.

Сонымен қатар Никита Шаталов Қазақстанның «көмір өндіру мен байыту технологиясы, болат қорыту ондаған жылға артта қалғанымен қоса», мемлекеттің адамдарынан айырылып жатқанын жазды.

«Бұл жағдайдан шығудың жолы айқын, мемлекет Митталды елден қуып,  Қазақстанның жерасты байлығы мен отандық өнеркәсіпті пайдалану туралы барлық келісімді бұзуы керек. Бұған төзуді жалғастыратындай ешқандай себеп көріп тұрғаным жоқ. «Арселор» тура мағынасында біздің отандастырымыздың қазасы арқылы байып жатыр. Тек біз ғана қайғылы оқиғаларды тоқтата аламыз», – деп қосты ол.

Еске салайық, 17 тамызда “АрселорМиттал Теміртау” АҚ-ға қарасты “Қазақстан” шахтасында өрт шығып, екі кенші көз жұмған еді. Тағы үш кенші іздестіріліп жатыр.