Павлодарда жүкті әйел күйеуін өлтірген. Оқиғаның мән-жайы белгілі болды
Павлодарда күйеуін пышақтап өлтірген жүкті әйелге қатысты сот отырысы басталды. Қылмыс қасақана кісі өлтіру ретінде қарастырылып жатыр. Бірақ сотталушы бұл нұсқамен келіспеді. Бұл туралы КТК арнасы жариялады, деп хабарлайды Kznews.kz «Адырна» ұлттық порталына сілтеме жасап.
Ақпаратқа сәйкес, оқиға мамыр айында болған. Марқұм досымен бірге Екібастұздағы өзі жұмыс істеген балабақшада ішімдік ішіп отырған. Ал жанжал қызғаныштан басталған. Әйелдің айтуынша, күйеуі алдымен ұрып, кейін шығып кеткен. Ал қайтып келгенде қолына пышақ алып, әйелін өлтіретінін айтқан.
Қасақана әрекет етіп, оң қолындағы пышағын қылмыс қаруы ретінде қолданған ол сол жақ жауырыны маңына соққы жасаған. Салдарынан ер адам оқиға орнында жан тапсырды, – деді мемлекеттік айыптаушы Әсемгүл Истаева.
Ал әйел күйеуінің қолынан пышақты алып, баспалдаққа жүгіргенін айтады. Оны күйеуі төмен қарай құлатып жібермек болғанда пышақпен соққы жасаған. Енді 30 жастағы әйел әрекетін өзін-өзі қорғау деп қарастыруды сұрайды.
Сараптамалардың барлығы жасалды, жағдаяттық сараптама мұны өзін-өзі қорғау деп таныды. Бірақ неліктен бас тартқанын білмеймін. Сараптама менің жағымда, яғни мен өзімді және болашақ баламды қорғадым. Бірақ прокуратура бас тартып отыр, – деді айыпталушы Әсем Әлімбаева.
Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысында әйел жоғалып кеткен күйеуін өлтірді деген күдікке ілінгенін хабарлаған едік.