Қыркүйек айынан бастап ресейлік жоғары сынып оқушылары жаңа көзқараспен жазылған тарих кітабын оқуды бастайды
Қыркүйек айынан бастап ресейлік жоғары сынып оқушылары жаңа көзқараспен жазылған тарих кітабын оқуды бастайды. Бұл туралы белгілі саясаткер Асхат Қасенғали өз facebook парақшасында жариялады деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі.
Ресей билігі Кеңес-Герман соғысынан кейінгі кезеңді қайта жазып шықты. Кітапта Украина соғысына қатысты үлкен тарау бар, оны «Арнайы операция» деп атаған. Тарих кітабын жазып шығуға мұрындық болған Ресей президентінің көмекшісі Владимир Мединский мен МГИМО ректоры Анатолий Торкунов.
Екі күн бұрын жаңа көзқараспен, анығы бұрмаланған көзқараспен жазылған тарих кітабын Владимир Мединский мен Ресейдің оқу-ағарту министрі Сергей Кравцов БАҚ алдында таныстырды.
Мединский жаңа көзқараспен жазылған кітапта Ресейдің 1950-жылдардан бергі тарихы қайта қаралып, қайта жазылғанын айтты. Ол «бұл кітап тарихи фактілер мен шындыққа сүйеніп жазылғанын, ал тілі оқушыларға жеңіл екенін» жеткізді.
Мысалы кітапта 1960-жылдарды «Әлеуметтік қолайлылық революциясы» депті. Михаил Горбачевті кітапта ел басқару ісін білмейтін біліксіз басшы ретінде көрсеткен. Оның тұлғасын сипаттау барысында Путиннің «Кеңес Одағының құлауы ХХ ғасырдағы геосаяси апат болды» деген сөзін қолданған. Авторлар Горбачев экономиканы түсінбейтін, өндіріс саласын ұқпайтын, әскери саладан хабары жоқ тұлға болды деп жазған.
Кітапта әрине Ресейдің Батыспен қарым-қатынасы жайлы, Украина мен Ресей қақтығысы жайлы кеңінен айтылады. Ресей Украинамен соғысты «арнайы операция» деп көрсетіпті. Кітапта Батыс Ресейдің ішкі саясатына нұқсан келтіруге тырысып, тұрақсыздық ошақтарын арттыру әрекеттерін жасағаны айтылады. «Украинада неонацизм бас көтеріп, 2014 жылы қанды әскери төңкеріс болды» дейді. Бұл жылдар бойы ресейлік пропаганда айтып келген сөздердің көшірмесі десек те болады.
Кітапта НАТО-ның шығысқа жылжуы аса қауіпті екені айтылады. Мысалы 2023 жылы Финляндияның НАТО-ға кіруін Батыс елдерінің Ресейге жау көзқараста екенінің дәлелі дейді. Алайда Финляндия НАТО-ға Ресей Украинаға басып кірген соң кіруге мәжбүр болғаны жайлы тіс жармайды.
«Донбасс халқын Киев режимі орыс болып қалғысы келгені үшін лаңкестер деп атады», —дейді кітапта. Кітапта тіпті жоғары сынып оқушыларын ядролық соғыспен қорқытатын тұстары да бар. «Егер Украина НАТО-ға мүше болып, Қырым мен Донбасста қарулы қақтығыс бастаса, онда НАТО жарғысына сай Ресей альянстың барлық еліне қарсы жау болып шығар еді. Бұл адамзат өркениетінің соңы болар еді. Әрине, Ресей оған жол бермейтін амалды іздестірді» дейді. Ал «Арнайы операция» деген бөлімде қандай да бір тарихи факт, құжат емес Ресей президенті Путиннің түрлі жиында сөйлеген сөздерін келтірген.
Тікелей ұрыс қимылдарына қатысты өте аз жазылған. Жартылай мобилизация мен оккупациядағы аймақтар жайлы аз ғана қамтылған. «Есесіне кітапта АҚШ ең соңғы украин біткенше соғысуға дайын» дейді. Тіпті «Украина әскері нацистік Германия кезіндегі символикаға әуес» дегенді де кітапқа қосыпты.
Бұл Владимир Мединскийдің Ресей тарихын бұрмалаған алғашқы кітабы емес. Ол «Ресей жайлы жалған аңыздар» деген еңбек жазған болатын. Онда ол «Ресей халқы ішімдік ішеді, жалқау деген өтірік, ал Ресей халықтар түрмесі емес, бақыт шаңырағы» деп суреттейді. Кейін тарихшылар оның кітабын қатаң сынап, кәсіби емес деп атаған болатын.
Мына кітапты оқып өскен ұрпақтың маңайындағы елдерге, халықтарға қандай көзқараста болатынын біліп отырсыз ғой…