Алматының депутаттық мандаты бар құрылысшылары кімнің мүддесін қорғап жүр
Алматыда қабаттаса салынатын үйлердің құрылысына қарсы тұрғындар наразылығын жиі білдіреді. Көшені жауып, петиция жолдап, митингке шықса да қалада құрылыс жұмыс жұмыстары тоқтайтын емес. Шаһар билігі халықтың тым көбейіп кеткенін жасырмайды да – су мен жылу жетпей қалатынын айтысады. Сөйте тұра жаңа тұрғын үй кешендері салынып жатыр. Мұндайда мәслихаттың үні неге шықпайтыны тағы жұмбақ.
Жалпы мәслихат депутаттары құрылыстың ойлы да орынды жүргізілуі керектігі жөнінде мәселені жиі көтереді. Алайда олар құрылыс компанияларымен «шаппа-шап шайқасқа» түсуге жүрексінетін секілді. «Енді міне, құрықтады-ау» дегенде құрылысшылар жаңа үйді салып бастап кеткенін байқамай қаласыз. Ауыр артиллерия да көмектесетін емес – құрылыс бағытында қаншама жемқор ұсталып, шу шықса да одан шыққан нәтиже жоқтың қасы.
Осы ретте Ulysmedia.kz Алматының «халық сайлап алған» депутаттардың тізіміне үңіліп, биліктің ол жақтағы бір тармағында ірі құрылыс компанияларының иелері отырғанын анықтады.
Жергілікті мәслихаттағы әр депутаттың алтыншысының құрылыс бизнесіне қатысы бар болып шықты. Мұның өзі лобби жүріп жатқан жоқ па деген ойға жетелейді.
Мәслихатта депутаттық мандатты иеленгендердің бірі – бейтарап, 2002 жылы құрылған Kusto Group компаниясының еншілес компаниясы саналатын «KUSTO HOME» құрылыс компаниясының бас директоры Мұрат Өтемісов. Компания Қазақстаннан бөлек Канада, Қытай, Грузия, Ресей, Сингапур, Түркия, Вьетнам, Украина елдерінде энергетика, құрылыс материалдары, мұнай өндіру, жанармай құю станциялары, ауыл шаруашылығы сияқты салаларда жұмыс істейді. Kusto Group басшысы және негізін қалаушы Еркін Тәтішев – марқұм банкир Ержан Тәтішевтің ағасы.
Мәслихаттың тағы бір депутаты – «Qazaq Stroy Proper Hes» компаниясының директоры, «Аманат» партиясының мүшесі Болат Ибрагимұлы. Qazaq Stroy нарықта 2003 жылдан бері жұмыс істеп келеді.
Ақпан айында Exclusive Qurylys және Qazaq Stroy ірі құрылыс компаниялары біріктіріліп, кімді кім жұтып қойғаны белгісіз болып қалды. Бірақ компанияның екеуі де осы ынтымақтың арқасында тәуелсіздікті сақтай отырып, нарықта тұрақтылықты қамтамасыз етеміз десті.
««Qazaq Stroy» компаниясының да, «Exclusive Qurylys»тың да алдағы уақытта да барлық міндеттемелері бойынша жауапкершілікті көтереді», – деді Qazaq Stroy атқарушы директоры Болат Ибрагимұлы.
Сондай-ақ депутаттық тізімде «Аманат» партиясының мүшесі, «Атрикс-Строй» компаниясының бас директоры Әміржан Нәбиев те бар. Shishkin_like телеграм-арнасының хабарлауынша, Алматы қаласы мәслихатының алты депутаты қала билігімен келісімшарт жасасқан. Қала бюджетінен ең көп ақша алатын осы Нәбиев-мыс. Компанияның сайтында «Атрикс-Строй» компаниясы ATRIX GROUP компаниясының қозғаушы күші екені жазылады. Компания жеке ғимараттардан бастап сәнді тұрғын үй кешендерін, спорт және сауда кешендерін жобалап, салуға дейінгі жолды басып өткен.
Әміржан Нәбиев – «Атрикс-Строй» жобалау-құрылыс компаниясының бірінші басшысы әрі иелерінің бірі. 2013 жылы «Нұр Отан» (қазіргі «Аманат») партиясының қатарына өтіп, келесі жылы Алматы қаласы мәслихатының депутаттығына сайланып, үш шақырылым бойы отыр. Осы уақыт ішінде «Атрикс-Строй» компаниясының әкімдік басқармаларымен жасасқан келісімшарттарының жалпы құны 13,5 миллиард теңгеден асқан.
Биыл сәуір айында компания қалалық құрылыс бөлімімен 10,3 млрд теңгеге ең ірі келісімшартқа қол қойған. Ол келісімшартқа сәйкес, компания Қаңтар оқиғасы кезінде бүлінген Алматы әкімдігінің ғимаратын қалпына келтіруге міндеттеледі. Компания келісімшартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алған. Келісімшартта көрсетілген баға түпкілікті сома емес. Ғимаратын жөндеу үшін Алматы әкімдігі конкурстан тыс 17 миллиард теңге бөлгені белгілі. Ал оның алдында әкім Ерболат Досаев әкімдіктің ғимараты 12 млрд теңгеге қалпына келтірілетінін мәлімдеген болатын.
«Атрикс-Строй» Алматы құрылыс басқармасымен 2017 жылдан бері жұмыс істейді. Компанияда барлығы алты келісімшарт бар. Оның екеуі ғана ашық консурспен жасалған. Мемлекеттік сатып алу аясында «Атрикс-Строй» мекемесі Алмалы ауданында спорт кешені мен «Қарасу» ықшамауданындағы мектепті кеңейтіп, Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының қабылдау бөлімінің жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеп, сәулеттік қадағалауды жүзеге асырған. Жібек жолы, Панфилов және Астана алаңындағы «трансформацияланған» тұрғын үй және азаматтық нысандарды «түрлендірген».
Депутат Ералы Сауранбаев – «Sheber Partners» серіктестігінің бас директоры, «Аманат» партиясының мүшесі әрі өз заманында аты белгілі Болат Сауранбаевтың ұлы. Болат Сауранбаев Алатау аудандық комитетінің екінші хатшысынан бастап Тараз қаласының әкімі, Алматы қаласы әкімінің орынбасарына және «Шебер- Invest» компаниясының бас директоры қызметіне дейін жүріп өткен.
Sheber partners – SHEBER GROUP бөлімшесі. Оның негізгі бағыты – құрылыс саласы. Ол сонау 2007 жылы құрылған SHEBER BUILD еншілес компаниясына сеніп тапсырылған. Құрылыстан басқа компанияның ісіне жылжымайтын мүлік, жалға беру, сату, қойма қызметі, сәулет, құрылыс, жөндеу, перделер, роликті жалюзи және жалюзи кіреді. Ол сонау 2007 жылы құрылған SHEBER BUILD еншілес компаниясына сеніп тапсырылған. Құрылыстан басқа компанияның ісіне жылжымайтын мүлік, жалға беру, сату, қойма қызметі, сәулет, құрылыс, жөндеу, перделер, роликті жалюзи кіреді.
Мәслихаттың ескі қызметкері, депутат Сергей Козлов «Масато» инвестициялық-құрылыс компаниясының директоры, «Аманат» партиясының мүшесі. Ол үшінші санаттағы тасымалдаушыдан ірі компания басшысына дейін өскен депутат.
Дулат Тастекеев – TAS finans тобының директоры, «Ақ жол» партиясының мүшесі. Ол құрылысшы емес десек те, оның TASCREDIT брендімен танымал компаниясы жылжымайтын мүлік кепілімен несие берумен айналысады.
Депутаттық пайда
Компаниясы бар адамдар не себепті бар жұмысын ысырып қойып, мәслихаттан орын алуға асық? Бұл ретте Украина президентіне «Қырымнан гөрі Түркияға басып кіруге» кеңес берген депутат Анна Башинскаяның оқиғасы еске түседі. БАҚ-тың жазуынша, депутаттықтан кеткенімен оның қаржылық жағдайы шатқаяқтап қалмапты. Оның жалпы сомасы 6 млрд теңгеге жүздеген келісімшарты бары жазылған.
Әзірге мәслихатта Dial Stroy, RAMS, BAZIS-А, BI Group секілді ірі компаниялардан өкіл жоқ. Бірақ оның өзі де уақыттың еншісіндегі шаруаға ұқсайды. Мәслихатқа мүшелік тың мүмкіндіктерді сыйлайтынын уақыттың өзі дәлелдеп тұрған жоқ па!?
Мүмкіндіктер:
- құрылыс саласын реттеуге ықпал ету және олардың бизнесіне тікелей әсер ететін заңдарды әзірлеуге қатысу;
- инфрақұрылым мен құрылысқа қатысты болуы мүмкін үкімет пен әкімдіктің бәсекелестік артықшылыққа қол жеткізуге көмектесетін жоспарлары мен жобалары туралы ақпаратқа қол жеткізу;
- шешім қабылдауға, құрылыс саласына қатысты саясатты қалыптастыруға және олардың мүдделері мен бастамаларына лобби жасауға ықпал ету мүмкіндігі;
- репутациялық басымдық, іскерлік байланысты нығайту, басқа ықпалды адамдармен байланыс.
Құрылыс тарихының «бергі жағындағы» адамдары
Былтыр прокуратура Қазақстанның ірі қалаларының құрылыс жұмыстарын тексеріп, қала құрылысы саласында «тиісті бақылаудың» жоқтығын анықтады. Жер учаскелері мен құрылысқа рұқсаттарды жергілікті атқарушы органдар азаматтардың пікірін, инженерлік, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылым мүмкіндіктерін есепке алмай бере беретіні сол тұста айтылған.
«Әкімдік пен құрылыс компанияларының айла-шарғысы қалалардың жүйесіз салынуына, қала экологиясының, жасыл желектердің деградациясына, халықтың өмір сүру сапасының нашарлауына әкеп соқтырады», – деді бас прокурор Берік Асылов қорқытып.
Алматы қаласы мен оның маңындағы елдімекендерде прокурорлар жер телімдерінің нысаналы мақсатын заңсыз өзгерту және жөнді жобалау жоспарына (ЖЖЖ) түзету енгізудің 100-ден астам фактісін анықтады.
Бірақ ол да азаматтардың пікірімен санасып, жер телімдерін беруге мораторий жариялап, жалпы жағдайға әйтеуір ықпал ете алмады. Бұл мәселе оның ведомствосының құзыретіне кірмейді екен.
Прокурорлар тексеріп жатқан кезде іске антикор кірісіп, Алматы қаласының қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы заңды айналып өтіп, тұрғын үй кешендерінің құрылысына рұқсат бергенін, солайша мемлекетке 760 млн теңге шығын келтіргенін анықтады. Тергеушілер лауазымды адамдар тек жеке үй салуға болатын орында 11 тұрғын үй кешенінің құрылысын мақұлдағағанын білген.
Бұл оқиға да ертерек басталған. Ол тұста Алматы қаласының жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарушыны ұстаған еді. Ол 45 млн теңге пара алды деген күдікке ілініп отыр. Осыдан кейін Антикордың радарына оңтүстік астананың қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының бастығы Ахметжанов ілікті. Осы екеуі Алматыдағы құрылыс тарихының «бергі жағындағы» адамдары болып шықса да ешкім таңғала қоймайтын сыңайлы.