Адам басына 5 мың доллар: Кремль қазақтарды украин топырағын тыңайтуға шақыруда…

0

Киевті үш күнде алмақшы болған Путиннің ресурсы сарқылуда: солдаты таусылуда. Украин пабликтеріндегі қорқынышты кадрлардан жүрегі шайлыққан есі дұрыс орыстар сүйегі ит- құсқа жем болған жерлестерінің кебін кигісі жоқ. Оларды окопқа сүйреу жүйенің түбіне жететін фактор. Мобилизация туралы пәрмен беру Пригожин бүлігінен де қауіпті болмақ.  Соңғы күндері Кремльге тиесілі әлемжеліде «қазақтарды соғысқа шақырған ақпараттар тарай бастады» деп жазады DALA INSIDE телеграм арнасы.

Басқыншылардың қатарына қосылғаны үшін бірден 5 мың доллар бонус төлейтін «жарнама» Қазақстанның ақпараттық кеңістігін емін-еркін кезіп жүр. Ресей армиясының сапына өтіп, толыққанды контрактіге қол қойған қазақтарға ай сайын 2 мың доллар төленетіні айтылыпты, бұдан бөлек басқа да жеңілдіктер боларына жеңіл-желпі тоқталып өткен.

Қазақстан мен Ресейдің туын біріктіріп, «Плечом к плечу» дейтін ұранмен таргеттелген ақпараттың түп қайнары Ресейдің Қиыр Шығысындағы Сахалин облысында орналасыпты.

Осы өңірдегі Адам капиталын дамыту агенттігі қазақтарды украин топырағын тыңайтуға шақырып отыр.

DALA INSIDE-қа жеткен мәлімет бойынша еліміздің солтүстік өңірлерінде көптен бері Ресейдің «ячейкалары» жұмыс істейді. Соңғы айларды бұлардың белсендігі күрт артқан.

ФСБ-дан ұдайы нұсқау алып отыратын бұларға: теріскей өңірдегі сепаратистік көңіл-күйді өршіту, Ресейге жылы қабақ танытатын жергілікті тұрғындарды соғысқа тарту миссиясы жүктелген. Әл-әзір аталған «ячейкалар» Қостанай облысында қызу жұмыс жүргізуде.

DALA INSIDE «вербовкіні» тоқтату үшін еліміздің ақпараттық шекарасына шлагбаум орнату қажет» деп есептейді. Теріскейдегі орыстілді бұқара Кремльдің уағызына уланып, пиғылы бұзылуда. Өңірдегі орыстанған қазақтардың арасында Путинді пір тұтатындар көп.

Бұған дейін Қазақстаннан бөліну туралы талап қойған Қызылжар қаласындағы бір топ коллаборанттың үндеуі Ақорданы аса қатты алаңдатып отырғанын хабарлағанбыз.

Тоқаев идеологияға жауапты тұлғалардың мұндай олқылыққа жол бергеніне қынжылыс білдірген. Президенттің теріскейді қазақтандыру туралы тапсырмасы өз деңгейінде орындалмаған, солтүстіктегі орыстанған аудиториямен ақпараттық-ағартушылық жұмыс жүргізілмеген.

Қалай болғанда да қазақтарды соғысқа шақырған «жарнама» Ақорда тарапынан реакциясыз қалмауы тиіс.

Ал оккупанттар украин жерінде қойша қырылуда. «Медузаның» дерегі бойынша украин жерінде 48 мыңға жуық басқыншының сүйегі шіріп жатыр.