Қарызбен өрілген өмір: халықтың банктерге берешегі 15,5 трлн теңгеге жетті

0

Ұлттық банк басшысы Ғалымжан Пірматов қазақстандықтардың несиелік қарызы жайлы депутаттар сауалына жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Пірматов Ұлттық банк жүйелі қаржылық дағдарыс қаупін болдырмау үшін қаржы ұйымдарының банктік және басқа да операциялардың жекелеген түрлерін жүргізуіуне шектеулер енгізе алатынын айтты.

«Ұлттық банк борыштық жүктеме коэффициентінің ең жоғары деңгейін 0,5 деңгейінде белгіледі. Борыштық жүктеме коэффициентін есептеу және қолдану тәртібін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі белгілейді. Ұлттық банк талдамалық мақсатта жинақталған деректер негізінде банктер берген қарыздар мен орташа айлық номиналды жалақының шамасы бойынша борыштық жүктемені бағалауды жүргізеді. 2023 жылғы 1 мамырдағы есеп айырысу нәтижелері бойынша борыштық жүктеме коэффициентінің мәні нормативтен төмен деңгейде бағаланды», — деді Пірматов.

2023 жылғы 1 сәуірдегі мәліметтерге сәйкес, 7,9 млн қазақстандықтың несиесі бар. Қарыздардың жалпы сомасы 15,5 трлн теңгені құрайды.

Айта кетейік, бұдан бұрын белгілі кәсіпкер Жұмабек Жанықұлов халықты қарызға батырған банктерге шүйліккен.

Сондай-ақ, жуырда Мәжіліс депутаты Абзал Құспан өзінің депутаттық сауалында халыққа несие беру мәселесін көтерді.