Астанада Яндекс курьерлері ереуілге шықты (Видео)
9 шілде кешке Астанада «Яндекс» компаниясының курьерлері ереуілге шықты. Бұл жөнінде Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Көшеде ондаған мопедшілер жиналды. Ереуіл орнына құқық қорғау органдарының қызметкерлері келген.
Астана қаласының полиция департаменті «Яндекс» курьерлері жол қозғалысына кедергі келтіргені үшін жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді.
«9 шілдеде сағат 21:00 шамасында ЕХРО аумағында еңбек жағдайларына наразы болған «Яндекс» компаниясының курьерлері жиналды. Содан кейін жастар Қабанбай батыр даңғылындағы «Қазақстандық күн» монументіне скутерлермен барды”, – деп мәлімдеді ПД.
Оларды полиция қызметкерлері тоқтатып, Есіл ауданының полиция басқармасына жеткізген.
“Талқылаулардан кейін акцияға қатысушылар ӘҚБтК-нің 615-бабы, 1-бөлігі «Жаяу жүргіншілердің және жол қозғалысының өзге де қатысушыларының қозғалыс ережелерін бұзуы» бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деп түсіндірді елорда ПД.