Іздеуде жүрген Оператор РОП бұрынғы құрылтайшысы Біріккен Араб Әмірлігінде ұсталды

0

Іздеуде жүрген «ӨКМ Операторы» ЖШС-нің бұрынғы құрылтайшысы Біріккен Араб Әмірлігінде ұсталды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады.

“Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бұған дейін «ӨКМ Операторы» ЖШС-нің бұрынғы құрылтайшысы Ш.Мұқтароваға аса ірі мөлшерде жымқыру күдігімен халықаралық іздеу жариялаған болатын. Ол Дубай қаласында ұсталып, Интерполдың көмегімен Біріккен Араб Әмірліктерінің уәкілетті органдары қамауға алды», – делінген Антикор хабарламасында.

Қазір Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы оны экстрадициялау рәсімін жүзеге асырып жатыр.

Бұған дейін Астана қаласының қылмыстық істер бойынша ауданаралық соты «ӨКМ Операторы» басшылары мен бұрынғы Экология вице-министріне үкім шығарғаны туралы жазған болатынбыз.

Айта кетейік, 2022 жылғы 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ӨКМ Операторы» ЖШС-нің кәдеге жарату алымын жүргізу және кәдеге жарату алымына иелік етуін тоқтату туралы тапсырма берді.

2022 жылы 26 қаңтарда Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов пен «ӨКМ Операторы» ЖШС Басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев ұсталды.

Сол күні «ӨКМ Оператор» ЖШС-нің басқарушы директоры Руслан Шәмшиевтің денесі табылып, елорданың Есіл аудандық полиция бөлімі ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабымен (Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) қылмыстық іс қозғады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, «ӨКМ Операторы» басшылығы шенеуніктермен бірлесіп, 180 млрд теңге жымқырмақ болған.