Түрікменстанда Аркадаг аталатын алғашқы «ақылды» қала ашылды
Бейсенбі күні Түрікменстанда ел президенті Сердар Бердымухамедовтің қатысуымен алғашқы «ақылды» қала Аркадаг салтанатты жағдайда ашылды.
Ашхабадтан оңтүстік-батысқа қарай 30 шақырым қашықтықта орналасқан жаңа қаланың құрылысы 2019 жылы басталған болатын. Оның негізін қалау рәсіміне Халк Маслахатының (Парламенттің жоғары палатасы) төрағасы Гурбангулы Бердымухамедов қатысты.
Аркадаг – елдегі алғашқы «ақылды» қала. Онда тек экологиялық таза көліктер (электробустар мен электромобильдер) қатынайды. Сондай-ақ қалада «ақылды» тұрақтар, күн батареялары, жел генераторлары және тағы басқасы орнатылған.
Аумағы 1000 гектарды құрайтын жаңа шаһарда 70 мыңнан астам адам тұрады деп жоспарланған.
Құрылыстың алғашқы кезеңінде 336 заманауи ғимарат бой көтерді. Үйлердің сыртына жыл маусымына қарай іштегі температураны реттеп отыратын жылу қаптамалары қолданылған. Барлығы 258 тұрғын үй салынды. Олардың жанында мектептер, балабақшалар, өзге де білім мекемелері мен спорт кешендері орналасқан.
Қазіргі уақытта 6 медицина мекемесі салынды. Алдағы уақытта ауруханалардың желісі құрылатын болады, оған Ана мен бала денсаулығын қорғау орталығы да енеді.
Сонымен қатар қалада 25 әкімшілік ғимарат, 11 мәдени-сауықтыру орталығы бар.