Қазақстандағы АЭС: құрылыс жобасы қазір қандай кезеңде?
«Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС директоры Тимур Жантикин атом электр станциясын салу тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Былтыр атом саласын дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында АЭС-ты Алматы облысының Үлкен ауылында салуға ұсыныс жасалды. Станцияның қуаты — 2800 МВт. Заң бойынша атом электр станциясы орналасын жерді үкімет шешімімен бекіту керек. Ондай шешім алдымен жергілікті өкілділік органымен келісіледі.
«Осыған байланысты 2022 жылы 15 қарашада біз Қонаев қаласына барып, Алматы облысының мәслихат депутаттарына барлық ақпаратты жеткіздік. Олар мақұлдады. Осыдан кейін Үлкен ауылында қоғамдық тыңдаулар өткізуге шешім қабылданды», — деді Жантикин атом энергетикасын дамыту мәселелеріне арналған жиында.
Оның айтуынша, қазіргі кезде жергілікті және шетелдік ұйымдардың тарапынан АЭС-тың орналастын жеріне қарай сипаттама жасау бойынша баға ұсыныстары түсті. Ол ұйымдардың ішінде KHNP (Корея), Assystem (Франция), Қазақстанның жобалау және энергоөнеркәсіп институты, сондай-ақ ұлттық ядролық орталық бар. Бұған дейін қытайлық CNNC, ресейлік «Росатом», француздық EDF пен кореялық KHNP коммерциялық ұсыныстарын жасаған. Қазақстан үкіметі атом реакторларын сумен суыту технологияларын қарастырып жатыр. Сол себепті осы төрт компанияның ұсыныстарын қарастыруға шешім қабылданды. Негізгі басымдық – қауіпсіздік.
Биыл наурыз айында Қазақстанға МАГАТЭ сарапшылары келіп кетті. Олар біздің атом электр станциясын салуға қаншалықты дайын екенімізді 19 бағыт бойынша бағалайды. МАГАТЭ-ның тәртібіне сәйкес, бұл жұмыс үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңі өтті. Соның қорытындысы бойынша халықаралық сарапшылар Қазақстанның дайындығына жоғары баға берді.
Тимур Жантикиннің сөзіне қарағанда, биыл үкіметтің АЭС-тың орналасу жеріне қатысты қаулысы шықса, сондай-ақ технологияны жеткізетін компания анықталған жағдайда техникалық-экономикалық негіздеме 2025 жылда дайын болады. Сосын оны мемлекеттік сараптамадан өткізу керек.
«Сараптаманың оң қорытындысы шықса, техникалық-экономикалық негіздеме үкіметке жіберіледі. Осы құжаттың негізінде АЭС-ты салу туралы қаулы қабылданады. Бұдан кейін жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу және сараптамадан өткізу жұмыстары басталады», — деп атап көрсетті Жантикин.
Құрылыс жұмыстары 2034 жылы аяқталса, бір жылдан кейін АЭС-ты пайдалануға бере алады.
«Неге біз 2,8 ГВт-қа дейінгі станцияларды таңдадық? Біздің 2018 жылғы есебімізге сәйкес, оңтүстікте базалық қуат көздерінің тапшылығы 2,7 ГВт-қа дейін болады. Сол кезде құрал-жабдықтардың тозуы да ескерілді. Осылайша, 2030 жылы энергия тапшылығы 1,8 ГВт, 2035 жылға қарай 3,2 ГВт, ал 2050 жылы 5 ГВт болады деген болжам бар. Демек, екі блоктан тұратын және әрбіреуінің қуаты 1400 МВт болатын АЭС салу қажет», — деді Жантикин.