«Депутат айта береді, Үкімет білгенін істейді»: Аманжол Әлтай вице-премьердің уәде беруін талап етті

0

Аманжол Әлтай депутаттық сауалға мардымды жауап бермейтін үкімет мүшелеріне Парламент депутаттарының датын жеткізді.

«Құрметті үкімет мүшелері, төрт көз түгел отырғанын пайдаланып, бүгін сіздерге барша Парламент депутаттарының датын жеткізгім келеді. Біз әрбір апта сайын құйрық жалын түйіп, аманаттап, сіздерге депутаттық сауалдар жолдаймыз. Өкінішке қарай, сол депутаттық сауалдардың көбіне қанағаттанарлық жауап ала алмай келе жатырмыз. Халықтың ішінде «депутат айта береді, Үкімет білгенін істейді» деген сөз мәтелге айналып бара жатыр.

Мемлекет басшысы «Халық үнін еститін үкімет үкімет» қалыптасуы керек деді. Депутаттардың әрбір сауалының астында халықтың үні, талабы, тілегі, тағдыры жатқан жоқ па? Құрметті үкімет мүшелері, отписка жасауды қашан тоқтатасыздар? Осы үкімет мүшелері атынан премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың уәдесін естігіміз келеді», – деді депутат.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр үкімет мүшелері кез келген мәселеде ашық екенін жеткізді.

Депутаттық сауалдарға тоқталайын. Оларды біз мұқият қараймыз. Премьер-министр, премьер-министрдің орынбасары деңгейінде сауалдарға толық жауап беруге тырысамыз. Қандай бір мәселе туындаса, премьер-министрден бастап, Үкіметтің барлық мүшесі кез келген уақытта сөйлесуге дайын, — деді Роман Скляр.