Әнұран авторларынан Назарбаевты алып тастау туралы айтыла бастады

0

Әлеуметтік желіде әнұран авторларынан Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевты алып тастау керегін айтып, талқылау жүріп жатыр.

Бұл жөнінде саясаткер, экономист, қоғам белсендісі Жанұзақ Әкім де өз пікірін білдірді.

Айтуынша, әнұран авторларынан Назарбаевты алып тастау талқылайтын дүние емес.

Әнұран 1957 жылғы жазылған ән. Тыңды көтеріп,  қазақтың алты облысында жер жырту басталып, 700-ден астам қазақтың мектептері жабылып, соншама ауылдар көшіріліп, олардың орнына Украина мен Ресейден қара шекпендердің қаптап жатқан кезі еді. Ел Тәуелсіздігін сақтау үшін Шәмші Қалдаяқов әнін жазып, оның алдында Жұмекен Нәжімеденов сөзін жазған болатын. Ән —  «Менің Қазақстаным» деп аталды. Ол сол күйінде қалу керек еді.

Алайда, үстінен араласып, елді сыйламай, аяққа таптап, плагиаттық жолмен қосылып, ақынсымақтарға жаздырды. Алғашында Тұманбайға айтқан,  ол жаза алмаймын деген соң Қадырге айтқан. Ол да жаза алмаймын деген. Естуіміз ше, біреуге жаздырып,  екі-үш сөз қосқан. Бұл содан шыққан дүние. Сондықтан әнұран авторларынан Назарбаевты алып тастау талқылайтын нәрсе емес. Оны алып тастау керек.

Міне, осыдан 65 жыл бұрын жазылған әнді сол күйінде қалдыру керек еді. Килігіп, бесінші арба болу не керек? Оны ел біледі. Елге масқара болып, елді басқарған адамның өзі сонымен масқара болып отыр. Сондықтан алып тастаған дұрыс. Ол елдің де абыройы. Басқалардың да абыройы үшін”, — деді саясаткер Жанұзақ Әкім.