Тұңғышбай Жаманқұлов танымал актерді екі рет оқуға алмай қойған

0

Қалың көпшілікке «Гілі-Гілі» образымен танылған актер Ерболат Оспанқұлов El.kz ақпарат агенттігінің YouTube-тегі “Базарlike” бағдарламасында өзін Тұңғышбай Жаманқұловтың оқуға қабылдамай қойғанын айтты. 

“Т. Жүргенов атындағы өнер академиясына келдім. Бірінші тапсырған кезде Тұңғышбай Жаманқұловқа тапсырдым. Бір ай дайындық курсынан өткен 30 бала жүрген. Соның біреуі ғана түсті. Онда да таныс-тұрыс арқылы. Оны кезінде Тұңғышбай ағамыздың бетіне де айтқанмын. Баланың өзі мойындады. Оның несін жасырамыз? Содан кейін курстағы балалардың ешқайсысымен хабарласып, сөйлескен емеспін. Төрт жылдан кейін қайтадан тапсырдым. Тағы Тұңғышбай Жаманқұловқа түстім. Алмай қойды. Алмасаң алмай-ақ дедім. «Ерболат қартайып қалыпсың» деді. Алғаш тапсырғанымда 23-те кейінгісінде 27 жаста едім. Ол кісі: «Менде оқысаң, 5 жылға дейін киноға түспейсің» деді. Содан мен де “Тауықсыз да таң атады. Таетрсыз-ақ күн көремін” дедім. Негізі үш рет тапсырдым. Үшінші рет барғанымда біраз киноға түсіп тастаған едім. Талғат Теменов ректор болған кезінде бардым. «Ой не істейсің? Сенің дипломың келбетіңде тұр ғой» дейді. Қолымды бір сілтедім де кеттім», — дейді Ерболат Оспанқұлов.

Актер сол кездері ашу-ыза қысып, Тұңғышбай Жаманқұловқа қатты өкпелегенімен, бүгінде реніштің ізі де қалмаған.

«Сол кезде реніш қара қазандай болды. Түкеңе ол кездері ешкім бетіне қарап сөйлей алмайтын. Мен бетіне айтып тастағанмын. «Тауықсыз да таң атады. Сенің театрыңсыз-ақ да күн көремін» дегенмін. Ал одан кейін марқұм Бекен апа менің атымнан хабарласып «Ана бала барыпты. Алмадың ба?» депті. Бір күні Тұңғышбай аға дәлізде көріп қалып орысшалап «Ты что через меня прыгаешь?» дейді. «Мен сіздің үстіңізден қашан секіріп көрдім» деп қоямын. Орысшаны шала білсең де жаман ғой.  Кейін «Абайдың жастық шағында» Жұмағұлдың рөлін ойнадым. Сол кезде Бекен апа Тұңғышбай ағаға қарап «Ей Түке! Түке! Сенің театрда қалған, кино өнерінде болсын бір шәкіртің бар ма? Кілең саудагерлер» деп ренішін қатты білдірді. Сол кезде үні өшіп: “Болды, апа, түсіндім” деді. Одан кейін Тұңғышбай ағамызбен жақсы болып кеттік”, – дейді актер.