«Кінәлілер жазалануын талап етеміз»: Жаңаөзен жұмыссыздары Тоқаевқа үндеу жолдады

0

Жаңаөзеннің жұмыссыз мұнайшылары президентке үндеу жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“Жаңаөзеннің жұмыссыз мұнайшылары 46 күннен бері заңға сай еңбек жағдайлары жасақталған, мұнайшыға лайық еңбекақы төленетін жұмыс орнын талап етудеміз. Өкінішке қарай, “Қазмұнайгаз” бен “Өзенмұнайгазға” қарасты мекемелерден ондай орын табылмай отыр. Бізге ЖШС “Бұрғылау”, “ОМС”, “МФС” секілді мекемелерден қосымша жұмыс көлемін беріп,  мәселені шешуге болар еді. Ондай да қадам жасалмады”, – делінген үндеуде.

Үндеу авторларының сөзінше, облыста жұмыс тобы құрылып, осы мәселелер екі отырыста талқыланған. Алайда құзыреті жетпеген соң Мәжіліс депутаттары мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау және Энергетика министрлігінің өкілдерін қатыстырамыз деген келісім болыпты.

“Бұл уәде де орындалған жоқ. Мұндай мәселеге депутаттар, министрлік өкілдері белсене қатысып, тез шешуге әрекет жасауы керек еді. Халыққа жаны ашитын депутат, жауапты шенеунік көрмей отырмыз. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы, сіздің тапсырмаларыңыз орындалмауда. Жаңаөзен жұмыссыздары мәселесінде атқарылған жұмыстардың нәтижесі көрінбейді. Кінәлілер жазалануын талап етеміз”, – дейді мұнайшылар.

Еске салайық, бұдан бұрын жұмысқа орналастыруды талап еткен Жаңаөзен жұмыссыздары аштық жариялаған.

Ал 10 сәуірде Астанадағы Энергетика министрлігі ғимаратының жанына «Берәлі Маңғыстау компаниясы» мұнай кәсіпшілігіне қызмет көрсететін мердігер компанияның 70-ке жуық бұрынғы жұмысшысы жиналды. Бұған дейін «Берәлі Маңғыстау» серіктестігі тендерде жеңіліп, жұмысшылардың барлығы жұмыссыз қалған болатын.

Сәуірдің 11-і күні Астанадағы Энергетика министрлігі ғимаратының жанында пикетке шыққан жаңаөзендік мұнайшыларды тәртіп сақшылары ұстады. Жалпы, полицейлер Астанада жаңаөзендік 126 жұмысшыны қамауға алған. Алайда кейін босатты. Жаңаөзендіктер Маңғыстауға қайтып, өкілдерін осында қалдырған. Алайда мәселе әлі күнге дейін реттелмей келеді.

Жуырда Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев Астанаға келіп, наразылық білдірген жаңаөзендік мұнайшылардың мәселесіне Үкімет назар аудармай отырғанын сынға алған.