Тоқаевтың жарлығымен Медеудегі өрт кезінде қаза тапқан өртсөндіруші наградталды
Мемлекет басшысының Жарлығымен қызметтік борышын атқаруда көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін Төтенше жағдайлар министрлігінің Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №7 өрт сөндіру бөлімінің аға өртсөндіруші-құтқарушысы Арслан Жолдасбекұлы Құрманбеков ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды, — деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Арслан Құрманбеков — азаматтық қорғаныс сержанты.
1994 жылы 23 тамызда Алматы облысы Талғар ауданы Талғар қаласында дүниеге келген. Еңбек жолын Алматы қаласы ТЖД «ӨСжАҚЖҚ» ММ №9 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде өртсөндіруші-құтқарушы ретінде бастаған. Алматы қаласы ТЖД «ӨСжАҚЖҚ» ММ №1 өрт сөндіру бөлімінде өртсөндіруші, аға өртсөндіруші-құтқарушы болып қызмет атқарған.
Төтенше жағдайлар министрлігі Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №7 өрт сөндіру бөлімінің аға өртсөндіруші-құтқарушысы лауазымына 2019 жылы тағайындалған.
Еске салайық, қайғылы оқиға 8 мамырда болған еді.