Жазушылар одағындағы дау: «Ұлықбек Есдәулет жала жауып отыр»

0

Алматыдағы Жазушылар одағының кезектi құрылтайы жақындаған тұста өздерін төрағалыққа үміткер ретінде ұсынғандар бағдарламаларын жариялай бастады. Ал қаламгерлердің басым көпшілігі одақтың соңғы бес жылдағы үйлестіру жұмыстарына көңілі толмағандарын айтады.

МҮШЕЛІККЕ ӨТКІЗБЕГЕН

«Muqaba» деп аталатын тәуелсіз баспаның негізін қалаушы, жазушы Арман Әлменбет одақ жұмысына қатысты алғашқылардың бірі болып ұсыныс тастаған болатын. Ол авторлық құқық мәселесін жолға қойып, қаламгерлерге табыс әкелу жолын қарастыру қажеттігін айтқан. Дегенмен одақ төрағалығына үміткер ретінде тіркелуі үшін ұйым мүшелігіне өтуге қатысты берген өтініші жауапсыз қалған.

Мені мүшелікке өткізген жоқ. Өткізбейтін де секілді. Мүше болмаған соң, үміткер ретінде тіркемейді де. Ал менің ұсынысыма жаңа басшылық құлақ аса ма, жоқ па, ол жағы бәймәлім. Съезд алдындағы ахуалға келсек түрлі сыбыс тарап жатыр. Соңғы күндері тізеге басып, қол жинағандардың қарасы көбейді, – дейді Арман Әлменбет.

Құрылтай қарсаңында өзін үміткерлікке ұсынып жатқандардың бірі – жазушы Нұржан Қуантайды қолдап жатқандар да бар. Мәселен, оншақты қаламгер Нұржан Қуантайұлының үміткерлігін қолдайтынын айтып, президент Тоқаевтың атына ашық хат та жолдаған.

Ашық хатқа қол қойғандардың бірі ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты бірі Жарас Сәрсек басылымға берген сұқбатында одаққа жастардың келуімен шығармашылық ұйым жұмысы ширай түседі деген пікірді алға тартады. Айтуынша, құрылтай алдында төрағаның сайлануына қатысты түрлі сыбыс тарай бастағандықтан, алдын алу мақсатында ақын-жазушылардың назарына ашық хат жазуға тура келген.

Құрылтайға міндетті түрде қатысамыз, күтетініміз көп. Руханият саласындағы ықпалды, бірден-бір шығармашылық орталық. Құрылтайдың басы-қасында болып, төраға таңдауда дауыс беруге атсалысамыз. Пікірімізді, ой-жоспарымызды айтамыз. Жастарға неге сенім артпаймыз? Басшылыққа жастар келіп жатса, оларды қолдау керек. Одақтың тірлігіне жоғары жақ араласпауы тиіс. Маралтайдың атына, құрылтайға хат жазып отырмыз. Өйткені желіде әр түрі сыбыс тарап кетті. Бұл – негізі ақын-жазушыларға жазылған хат, – дейді ол Halyq Uni сайтына берген сұқбатында.

Қаламгердің айтуынша, одақтың соңғы жылдардағы жұмысына көбінің көңілі толмайды. Оған себеп – Жазушылар одағы өз әлеуетін жеткілікті деңгейде іске асыра алмай отыр.

Астана мен Алматы қалаларында, аймақтарда, сондай-ақ жас қаламгерлердің шығармашылығын қолдау тұрғысында біраз жұмыстар атқарылды. Бірақ солай екен деп тоқмейілсуге болмайтын шығар. Одақта одан да биік деңгейде жұмыстар атқарылуы тиіс еді. Пандемиядан кейін екі жыл текке кеткен уақыттың есесін қайтаруға болатын еді. Осы тұрғыдан келгенде өкпе-ренішіміздің бары рас. Қаламгер қауымға материалдық көмек көрсету кәсіподақтармен бірігіп, шешуге болатын мәселе деп есептеймін. Одақ мемлекет есебінен қаржы алмайды, қазір қаржы көзін табу өте қиын, – дейді Жарас Сәрсек.

ҮМІТКЕРЛЕР ТІЗІМІ БЕЛГІСІЗ

Белгілі болғандай, 12 мамыр күні Құрылтайда жазушылар одағының төрағасын сайлау, одақтың бес жыл бойы атқарған жұмыстарына есеп беру сияқты мәселелер талқыланбақ. Дегенмен Жазушылар Одағының төрағалығына кандидаттар тізімі әлі де белгісіз. Үміткерлердің есімі құрылтай кезінде ғана аталып, 100-ден астам басқарма мүшелері дауыс береді. Бұл орайда Жазушылар одағы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек қызметінен кететінін мәлімдей отырып, алдағы құрылтай жұмысын «спектакль» деп атаған.

Мен бүгіннен бастап Қазақстан жазушылары одағындағы қызметімнен ресми түрде кеттім. Келе жатқан Құрылтайда қойылатын спектакльге қатысуға құлқым жоқ, – деп жазды Ақберен Елгезек.

500 МЫҢ ТЕҢГЕ ҚАРЫЗЫ БАР

Қазақстан Жазушылар Одағы – әдебиетші қауымды біріктіретін республикалық қоғамдық бірлестік формасындағы шығармашылық ұйым. Бүгінде 800-ден астам мүшесі бар одақ бөлімшелері Қазақстанның 11 облысы мен Астана қаласында орналасқан.

Алматы қаласы, Абылайхан көшесіндегі ғимарат 31 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Ашық дерекөздердегі мәліметке сәйкес бүгінде мекеме мемлекеттік кірістер органына 496 792 теңге қарыз.

Ал мемлекеттік сатып алу порталындағы мәліметке сүйенсек, 2018 -2021 жылдар арасында Қазақстан Жазушылар одағы 626 511 376 теңгенің тапсырысын орындаған. Ал одақ 2022 жылы әлеуетті өнім жеткізуші ретінде 6 780 869 теңгеге тапсырыс орындаған. Оның ең қомақтысы «Балалар әдебиетінің үздік туындыларының республикалық конкурсы» іс-шарасын ұйымдастыру және өткізу үшін сценарий әзірелуге жұмсалған. Шарт құны – 2 миллион 500 мың теңге. Сонымен қатар, Жазушылар одағы балансындағы активтер туралы түрлі пікір айтылады. Мұндай пікірді одақтың қазіргі төрағасы Ұлықбек Есдәулет те баспасөзге берген сұқбатында атап өткен болатын. «Бұған дейінгі құжатында залдың аумағы азайтылып жазылыпты. Қағазбастылықтың салдарынан құжатты қайта жасағанша бір жыл кетті…бұрынғы басшылық одақты көп қарызға батырып қойған екен. Бәлкім, жауып кетемін деп ойлады ма, білмеймін», – деген еді одақ төрағасы.

ОДАҚТЫ КІМ САТТЫ

Аталған пікірге орай мәжіліс депутаты, сол кезеңде Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары болған Жанарбек Әшімжанға хабарласып, пікірін сұрадық.

«Жазушылар одағының құрылтайы мамыражай өткен емес, қай кезеңдерде де. Сонау 60-70 жылдарда да, әдебиеттің алтын дәуірі жасалып жатқан уақытта да Жазушылар одағына көңіл толмаушылық көп болған. 2001 жылы Жазушылар одағына мүше болдық, ол кезде бәріміз жап-жас жігіт едік. Жас ақын-жазушылар республикалық форумында 25 жасымда қабылдаған. Содан бері съездерге қатысып келе жатырмын. Қатысқан сайын көңіл-күйім түсіп қайтады. Аға буынның, ақын-жазушылардың әр қайсысының мінездері бар. Топшылдық, жікішілдігі бар. Төрағаның орынтағына таласу, мүддеге талас, осының бәрі қоғамға да өте қолайсыз. Адам жаны ауырады. Соңғы 2018 жылғы құрылтайда жаным жылап шыққан. Міне, бес жыл болды, содан кейін жазушылар одағына кірген емеспін. Ол кезде төрағаның орынбасары болдық», – деген ол алдағы құрылтайдың ашық, әділетті өткенін қалайтындығын жеткізді.

Оның сөзінше, мемлекет есебінен қаржыландырылмайтын қоғамдық ұйым төңірегіндегі дау-дамай осы жылдар аралығында толастамай келеді. 1996 жылы одақтың бұрынғы басшылығы Шығармашылық үйді, Одақ ғимаратын, Әдебиетшілер үйін үшке бөліп сатып жіберген.

«Осы сұрақты қойғаның өте дұрыс болды. Өткен жолы қазіргі төраға Ұлықбек Есдәулет баспасөзге берген сұқбатында осындай дүниені айтты. Нұрлан Оразалин одақты 22 жыл басқарып, 12 жылында мен қасында болдым. Мұндай сөзді айту үшін ең алдымен үлкен жауапкершілік керек. Бұл ақыл-есі орнында, құқықтық сауаты бар, бір ұйымды сауатты басқара білем деген адамның ауызынан шығатын сөз емес. Сізге мынаны айтайын, Қазақстан уақытында 1996 жылы Жазушылар Одағын үш бөліп сатып жіберген. Бүкіл құжаттарымен өзім танысып шығып, осы бағытта үлкен мақала дайындадым. Оны Нұрлан ағаның өзі бастырмады. «Сен жас жігітсің, эмоцияға берілме. Бірімізді атсақ та, бірімізді сатсақ та одақтың ішінде талқылансын. Біз олардың бетін тырнап, жарияласақ, не абырой, не бедел қалады» деді ол кісі. Бір фамилияны күні бүгінге дейін атаған емес. Осылайша 1996 жылы өзі басшы болып келген ғимаратқа өзі арендатор болып қалған. Содан 1996 жылдан 1997 жылға дейін 37 рет сот болып, сотта Жазушылар одағының бүкіл ғимаратын түгел қайырып алған. Шығармашылық үйі де, орналасқан жері де мемлекетке қайтарылған. Кейін мемлекет ол жерді Жазушылар одағына пайдалануға 49 жылға жалға берген. Ал мемлекеттің меншігіндегі жерді мың жерден сатам десең де сата алмайсың. Ол жердің меншік иесі – Алматы қалалық әкімдігі», – деп түсіндірді басылым тілшісіне Жанарбек Әшімжан.

ҰЛЫҚБЕК ЖАЛА ЖАУЫП ОТЫР

Мәжіліс депутатының айтуынша, жалған сөз бен дәйексіз пікір үшін тиісті құқықтық баға берілуі қажет.

«Ұлықбек Есдәулеттің сұқбатын өзім оқыдым ғой. Жерді сату дегені – өтірік, қып-қызыл жала. Бұл – жеке адамның ар-намысына тию, өтірік айту. Нұрлан Мырқасымұлымен 3-4 күн бұрын сөйлескенімде, жерге байланысты сотқа бергені дұрыс болатынын айттым. Өйткені 22 жыл деген бір азаматтың едәуір жасы. Құқықтық бағасы берілуі керек. Қазір құжаттарын сотқа дайындап жатқан болар. Ол кісі «Жазушылар одағы менің өмірімде» деген кітап жаза бастады. Аға буын арамызға бөтен сөз сала берсе, не боламыз? Мен сол жерде істеген, төрағаның орынбасары ретінде айтайын. Нұрлан Оразалин да тірі. Ғалым Жайлыбай да, Маралтай да, мен де тірімін. Жер де, ғимарат та орнында. Мемлекеттің меншігіне кеткен басылымдарды одақтың құрылтайшылығына алып келдік, ол да орнында. Өтірік айтып, жазушыларды алалауға болмайды. Өзіне жақтас тауып, жазушылардың арасынан топ құрып, біреуге айдап салам, біреуді қарабет қылам дейтін болса дұрыс қисын табу керек. Жала жаппау керек. Ұлықбек Есдәулет мырза екеуміз бір есіктен кіріп, бір есіктен шықтық. Мен оның он жыл бастығы болдым. Ұлаға дегеннен танған емеспін. Ал жазушылар одағын сатқан адамдар ортамызда жүр, көзі тірі. Сол кезде союздың екінші, үшінші деңгейдегі басшылары болған. Қазақтың үлкен жазушыларының бірі, дүниеден өтіп кеткен Қалдарбек Найманбаев деген ағамыз бар. Әкімшілік жағына қыры жоқ болса керек, құжаттарға алдап қол қойғызған сыңайлы», – дейді мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан.

Ол 2008 жылдан бері Қазақстан Жазушылар одағына қарасты «Жұлдыз», «Простор», «Сын» журналдары мен «Қазақ әдебиеті» газеттерін біріктірген «Қаламгер-Медиа» орталығының директоры болып тұрған тұста бірқатар жаңа кадрлардың келуіне ықпал еткенін атап өтті.

Сол кезеңдерде Ұлықбек Есдәулеттің «Қазақ Әдебиетінен» «Жұлдыз» журналына ауысуына ықпал еттім, реніші сол шығар. «Қазақ әдебиеті» газетіне Жұмабай Шаштайұлы деген үлкен қаламгерді алып келдім. Ол кісі газетті он жыл басқарды және абыройлы басқарды. Өз кезеңімізде жастарды тарттық. Ерлан Жүніс, Тоқтарәлі Таңжарық, Бағашар Тұрсынбайұлы, Назым Дүтбаева сынды журналистер бүгінде белді-белді азаматтарға айналды, шығармашылықтары да тәуір, – деп еске алды ол.

Жанарбек Әшімжанның айтуынша, одақтың жұмысы кейінгі жылдары құлдырап кеткен. Қаламгерлердің мерейтойлары, республикалық және аймақтық деңгейде өткiзiлетін форумдар мен фестивальдер, пленумдар мен конференциялар қатары сиреген.

Сырттай бақылауымша, жұмыс өте төмен деңгейде жүрді. Осы 5 жылда үш-ақ пленум өтті. Ұлықбек ағамыз, қайта-қайта пандемияға бұра береді. Өткен 2-3 форум қомақты қаржыға мемлекеттің қолдауымен өтті. Үкіметтің қаулысымен болатын жазушылардың мерейтойы мен шығармашылық кештері өтпей қалды, – дейді ол.

halyq-uni