Ақжүрек Таңатаров қызметінен «заңсыз қуылғанын» айтып, президентке бейнеүндеу жолдады

0

Еркін күрестен Олимпиада ойындарының, әлем чемпионатының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров «қызметінен заңсыз қуылғанын» айтып, ел президентіне бейнеүндеу жолдады. «Құрмет» және «Парасат» орденінің иегері өз үндеуінде жас спортшылар шынығатын облыстық мамандандырылған мектеп-интернат басшысы лауазымынан әділетсіздік құрбаны ретінде қуылғанын жеткізген. Осы жағдайға қатысты өткен брифингте облыстық спорт басқармасының басшысы Арман Ташметов пікір білдірді, хабарлайды Kznews тілшісі.

«Мені Олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат колледжі басшысы лауазымынан заңсыз жолмен босатып жіберді. Осы орайда Жамбыл облысы спорт басқармасы басшысы Арман Тәшметовтан жеке барып, себебін сұрағанымда Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтың бұйрығы мен шешімі. Мен не істей аламын» деді. Тоқсаныншы жылдарға қайта оралғандаймыз», — дейді спортшы. Ақжүрек бұл әрекеті арқылы өзіне жаңа қызмет сұрамайтынын айтып, ағынан жарылды. «Президент мырза, мен спорт жанашыры және осы саланы жетік меңгерген азамат ретінде сізден Жамбыл облысындағы әкімдік пен оның ішіндегі спорт басқармасында орын алып жатқан заңсыздықтарды тоқтату үшін республика деңгейіндегі барлық құқық қорғау органдарынан, оған қоса парламент депутаттарымен бірлесе отырып, комиссия құрып, толыққанды тексеріс құруды сұраймын. Бұл әрекетіммен мен сізден маған қызмет алып беріңіз демеймін», — дейді Ақжүрек Таңатаров. Ал облыстық спорт басқармасының басшысы Арман Ташметов болған жағдайға байланысты арнайы брифинг өткізді.