«Қолдарында автомат»: Балғынбек Имашев шетелде жүргенде өзін қаруланған тәртіп сақшылары ұстағанын айтты

0

Танымал айтыскер Балғынбек Имашев шетелге іссапарға аттанып, сақалы мен тақиясы үшін күдікке ілінгенін еске алды. Айтыскер өзін шетел әуежайында қаруланған тәртіп сақшылары ұстағанын «Кімнің есінде» бағдарламасында баяндады, деп жазады Kznews.kz тілшісі.

«Айтыспен қайда бармадық? Африкаға дейін бардық. Қырғыз бен қазақтың айтысы ЮНЕСКО-ға енетін болып, кейін сертификаты келді. Сол сертификаттың келуіне себеп болып, біз Африканың Намибия деген мемлекетіне бардық. Намибияға Франкфурттан тікелей ұша алмайды екенбіз. Оңтүстік Африкаға барып, кейін әрі қарай ұшуымыз керек болды. Бірақ екі мемлекеттен өткесін, сол мемлекеттің визасын алу керек екен. Біз енді Қазақстаннан ұштық, Германия, одан кейін Оңтүстік Африканың визасы керек деді. «Оңтүстік Африкада тұрмаймыз. Әрі қарай Намибияға кетіп қаламыз» десек, бүкіл жолаушы ұшып кеткенде бізді әуежайда алып қалды. Франкфурттың әуежайында тіл білмейміз, ағылшынша білмейміз. Күтіп отырмыз. Орысшамыз түкке жарамай қалды. Министрлікке «ұшырмады» деп, хабарласып қойғанбыз. Терроризм, әр жерде жарылыс болып жатқан кез. Менің сақалым бар, басымда тақия. Сөмкемді бір жерге қойып, әрі қарай дәретханаға кіріп кеткенмін. «Сақалды адам келіп, сөмке қойып кетті» деп әуежайдың бәрі шулап кеткен. Сыртқа шықсам, сөмкемді бүкіл әскер қоршап алған. Қолдарында автомат, щит. Мені шығарып алды. «Сөмкенің ішінде не бар? Құжатыңды бер» деді. Құжатым сөмкемде. Сөмкеме барайын десем, мені жібермейді. Әуежайды бір шулатып, «өнерпазбыз, айтыспен ЮНЕСКО-ның жиналасына бара жатырмыз» деп тіліміз жеткенше түсіндірдік. Одан кейін сөмкемнен құжатымды көрсеттік. Қауіпті ештеңе жоқ екенін көрсеткеннен кейін ғана олар қатаң ескерту жасап, түсініктеме жазғызды», — деп еске алды Балғынбек Имашев.