Шавкат Рахмонов Ақтөбедегі су тасқынынан зардап шеккен бір отбасыға үй салып береді
Қазақстандық аралас жекпе-жек файтері, бұл спорт түрінен бірде-бір жеңіліс таппаған спортшы Шавкат Рахмонов Қобда ауданының Қобда ауылында болып, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындармен кездесті.
Бұл туралы Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Наурыз мейрамымен баршаңызды құттықтаймын. Керемет күнде 24 үйдің қазығы қағылып жатыр. Мен де бұл бастамаға өз үлесімді қосамын деп шештім. «Апат айтып келмейді» дейді. Сынақтарға мойымай, жеңе білдіңіздер. Сіздерге денсаулық, бақыт тілеймін. Тек алға!» — деді Шавкат Рахмонов.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін Ақтөбе облысының Қобда ауданында су тасқынынан зардап шеккендер үшін салынатын үйлердің қазығы қағылды. Жаңа үйлер Қобда ауылының «Жаңақоныс» шағын ауданында бой көтереді. Құрылысы басталған 24 үй төтенше жағдайға қарастырылған бюджетке салынады. Олар биылғы 1 маусымда пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.