Қытай басшысы келген күні полиция Шыңжаң қазақтарының құқығын қорғайтын белсенділерді ұстап босатқан

0

Олардың ұсталуы Қытай басшысы Си Цзиньпиннің астанаға сапарының басталуымен тұспа-тұс келген.

Белсенді Миллатхан Айтқалидің сөзіне қарағанда, ол сәрсенбі күні «көлігін жөндеуге апарған кезде астынан көліктің қайда жүргенін көрсететін GPS-құрылғыны тапқан». Оның сипаттауынша, құрылғының ұзындығы 3-6 см шамасында, түсі қап-қара, батырмасы мен магниті бар төрт бұрыш зат. Белсендінің айтуынша, сол құрылғыны механиктермен талқылап тұрған кезде жас шамасы 23-24-тегі жас жігіт келіп, құрылғыны жұлып алып, қашып кеткен.

Артынша жәй киім киген жәй көлікпен келген үш-төрт адам белсендіні күшпен ұстап, көлікке сүйреп отырғызып, Ақмола облысы Целиноград аудандық полиция бөліміне жеткізген.

– Олар өздерін таныстырған жоқ. Орысша сөйлеп, бір орысша жазылған қағазды көрсетті. Мен «орысша түсінбеймін» деп айтып үлгерткен де жоқ, қолымнан бұрап, сүйреп, машинаға отырғызып алып кетті. Абзал есімді тергеуші сұрақтар қойды. Айтуынша, 28 шілде күні «жалған ақпарат таратты» деген күдікке ілінген. «Қандай ақпарат түсті» десем, айтпады. «Мемлекеттік адвокатқа сенбеймін, өз адвокатымды шақырыңыз, телефон беріңіз» десем, әні-міні деп бермей қойды. Ақыры үш-төрт сағатымды жеп, кешкі алты жарым шамасында ұстаған жерге әкеп қойды, – деді белсенді.

Ол ұстау кезінде телефонының беті сынғанын да айтты. «Құқықтарымды таптаған үшін, телефонымды сындырғаны үшін, дөрекі ұстағаны үшін шағым жазамын» деді ол бейсенбі күні Азаттыққа.

Бұған дейін Қытай қазақтарының әлеуметтік ахуалына көңіл бөлуді сұрап хат жазған тарихшы Жұмамұрат Шәмші де астанаға Қытай басшысы келген күні ұсталып, босатылған.

«Кеше қызымды мектепке апарып, аулаға келіп тұрсам қара газельден төрт адам шығып, бір атышулы террористі ұстағандай мені тартып, жұлқылап, ұстады. Тартпай-ақ мені шақырсаң барамын ғой. Өтіп бара жатқан адамдардың өзі шошыды. Әй-шәй жоқ, ештеңе түсіндірмей ұстайды, сен кімсің десем, жауап бермейді. Сарыарқа аудандық бөліміне апарды…. Он адам мені қылмыскер сияқты бірінен біріне тапсырды. Анау жазып алады, мынау адам жазып алады. Ауыздарынан ақ ит кіріп, қара ит шығады. Өте мәдениетсіз. Қазіргі заманның полиция өкілі деген атқа мүлде лайық емес. Олар билік өкілі ғой. Темекіні бұрқыратып шегеді. «Не үшін ұстадыңдар» десем түсіндіре алмайды. «Қытай басшысына хат тапсырып едім, сол үшін ұстаған шығар» десем, «е, онда сол үшін шығар» деді» дейді Жұмамұрат Шәмші.

Бейсенбі күні Азаттық тілшісі полицияға хабарласқанмен нақты жауап ала алмады. Қалалық полиция департаменті Азаттыққа ресми сауал жолдауды өтінді.

  • Бұған дейін Қытай басшысының Қазақстанға сапары қарсаңында Пекин ресми түрде «саяси үйрену лагерлері» деп атаған Шыңжаңдағы қамау орындарына жазықсыз қамалған туыстарының жайын айтып, дабыл қағып жүргендер ұсталып, қысым үдеген еді. Қытайды экономикалық серіктес санайтын Қазақстан Пекиннің Шыңжаңдағы саясатына қатысты ресми мәлімдеме жасамаған.
  • Пекиннің Шыңжаңдағы қазақтарға қысым көрсетіп жатқаны туралы Қазақстанда 2017 жылдың сәуірінен бері айтыла бастады. Сол кезден бастап қазақтардың діни құқықтарының шектелгені, шетелге шығу үшін төлқұжат берілмей жатқаны, саяси лагерьлерге қамалғаны туралы ақпараттар тарады.
  • Халықаралық қауымдастық Пекиннің Шыңжаңдағы түркі тілдес мұсылмандарға қысымын айыптап, кейбір елдер «геноцидке» теңеген. Пекин қысымды жоққа шығарып, «елдің ішкі ісіне араласпауға» үндеген.