Биліктегі «паразиттерді» құртып, таза адамдарды әкелу керек! – Еділ Жаңбыршин
«Биліктің барлық тармағына жаңа, таза адамдарды әкелу қажет. Тек мемлекет мүддесін ойлайтын. Ондай азаматтар 19 млн халық ішінен табылады. Екінші. «Паризиттерді» құрту керек, әйтпесе қоғамда үлкен «эпидемия» болады». Бұл пікірді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин өзінің фейсбук парақшасында қалдырды, деп жазады kznews.kz сайты.
«Елдің көңілі референдумға дейінгідей емес. Жабырқау… Күткен жаңалықтың, көңілден шықпағаны көрініп тұр. Шарықтап кеткен баға, титықтатқан жұмыссыздық, теңіздің қасында отырып, ауыз суға жарымау, айта берсең проблема шаш етектен. Құрылыс жұмыстарына қаржы жетіспейді, жобалық-сметалық құжаттар түгелге жуық корректировкадан өтуі керек. Оған да қаржы жетіспей жатыр дейді құрылысшылар. Арты не болмақ? Мектептегі сағат қысқартудан босаған мұғалімдер мәселесі тағы бар. Жанар-жағар май дефициті. Біз мұнай мен газдың үстінде отырған елміз, үш мұнай өңдеу зауытымыз бар. Бұл қалай сонда?! Қант тапшылығы неше ай болды әлі реттелген жоқ, реттелетін түрі де көрінбейді. Осыларды жүйелі шешуге бағытталған жобалар да көрінбейді. Бұл біреуді кінәлау емес, халықтың айтып отырған назы мен сыны», — дейді Еділ Жаңбыршин.