Тұрсынбектің қызының даулы оқиғасын жария еткен заңгер өзін айыптағандарға жауап берді

0

Заңгер Абзал Құспан Тұрсынбектің басы дауға қалған іске қатысты түсініктеме берді. Ол өзін айыптағандар мен әзілкешті жақтағандарға жауабын айтты.

Бұған дейін Тұрсынбек Қабатов заңгердің әрекетін заңсыздыққа балады. Кәмелетке толмаған баланың жеке құжатының суретін желіге жариялаған әрекетіне ашуланған еді.

“Тұрсынбек тақырыбында қайта-қайта ашулы пікірлер жазылып, кейбір «достарым» маған арнайы құшақ-құшақ посттарын арнап жатқандығы себепті, олардың атын атап, түсін түстемей және олардың не себепті олай жасап жатқандығына тоқталып жатпай, барша сұраққа жинақы түрде жауап бере кетейін.

«Кәмелетке толмаған балалардың құжатын желіге неге саласың, оңбаған!” – деп келетін пост иелері мен эмоционалды пікір иелеріне айтарым, ол құжаттар (жалғаны да, жалған емесі де) осыдан екі ай бұрын, яғни оқиға болған күні 15 маусымнан бері, осы фейсбукте пост түрінде де, видео түрінде де салынып, тараған. Бірақ, ол постты жариялаған, видеоны таратқан адамдарға қатысты осы кезге дейін бір ауыз жағымсыз сөз айтылмапты. Біз байғұс болсақ, буллингке үйреніп қалғанымыз соншалық, осы желіде біреу атымызға жаман сөз айтпаса не өсек таратпаса көз тиіп кететіндей, өзімізді жайсыз сезінетін жағдайға жеттік”, – деді заңгер.

Заңгер 16 кейде 14 жасқа толған адамның қылмыс субъектісі бола алатынын атап өтті.

«Кәмелетке толмаған балалардың қылмысқа не қатысы бар» — деп таң-тамаша қалушыларға айтарым, ҚР қылмыстық кодексінің 15 бабына сәйкес, қылмыстық құқықтың субьектісі болып 16 жастан, ал кейбір жағдайда 14 жастан танылады. Ол туралы арнайы постта жарияладым. «Әне Тұрсынбектің түк қатысы жоқ екен, ол емес Нұрбек екен бәрін ұйымдастырған» — деп инстаграммдағы Тұрсынбекпен Нұрбектің телефон арқылы әңгімесін осында жүктеп, оған мені белгілеп әуре болған аңғал достарыма айтарым.

1. Ол әңгіме қазір желіден Тәкеңнің өзімен алынып тасталған деп естідім. 2. Ана тараптан сөйлескен адам, Нұрбек емес, Бауыржан болып шықты. 3. Әрі-беріден соң мен еш жерде қылмыстық жауапкершілікке Тұрсынбек Қабатов немесе оның қызы тартылуы керек демедім, бар болғаны жалған құжатты жасаған адам ғана емес, сонымен қатар, оны пайдаланған және осы жұмыстарды ұйымдастырған адамдар да тартылуы керек дедім. Ал олардың кімдер екенін тергеу органдары анықтауға міндетті. Егер Нұрбек болса осының бәрін ұйымдастырушы, онда Нұрбекті тартсын?!”, –дейді Абзал Құспан.

Заңгер Қабатовты жеке таныматынын, араласпайтынын атап оны жеке басына еш қатысы жоқ екенін айтты.

“Көре алмаушылық болды, кек алды, өш алды, жеке бас мәселесі болды деген нұсқалар ешқандай сын көтермейді, себебі, мен Тұрсынбекті, ол мені бұрын-соңды танымаймыз, ешқандай ортақ ісіміз де, ортақ таныстарымыз да жоқ. Осымен барлық сұрақтарды болмаса да, негізгілерін қамти кеттім ғой деймін, ал, жеке басыма өтіп, ар-намысқа тиетін сөздер айтушы, бар жұмыстары адамдарға күйе жағып, қаралаудан тұратын бауырларға «қиын да қауіпті жұмыстарына» сәттілік тіледім!”, – деді заңгер.