Саят Медеуов: Әкем «қазіргі індет жастарды қырып барады, олар аман болу үшін мен өзімді құрбандыққа қидым» деді

0

Қазақтың белгілі әншісі, көпшіліктің сүйікті әншісі Саят Медеуов марқұм ата-анасын сағынышпен еске алады. Ел есеңгіреп, індет жайлаған шақта екі бірдей асылынан айырылған әншінің тауы шағылды. Асқар тау әкесінен, мәңгі жұмақ анасынан айырылды. Әнші ата-анасының өмірмен оңай қоштасқанын айтады. Әкем індет үшін өз өмірін құрбан етті дейді.

Бұл туралы TARAZ 24 арнасында айтылды.

Саят Медеуов әкесінің көпке айтпаған ерлігін баяндады. Коронавирус жайлаған уақытта алдымен анасы, екі апта өткенде әкесі өмірден озды. Әнші ауру жұқтырмас үшін көпшіліктен көңіл айтуға келмеуін сұрады. Осы ретте әнші әкесінің үлкен ерлік жасап, өлімге басын тіккенін айтты.

“Анам ауырып бәріміз дәрі іздедік. Ол кезде дәріханада дәрі жоқ кез. Елдің бәрі сабылып дәрі таппады. Кейде ойлаймын, анам өз ажалынан өлген жоқ, оған үкімет кінәлі деп айтқым келеді. Бар дәрі неге уақытында табылмады? Алматыға келіп түнгі екіге дейін дәрі іздедік. Таба алмадық. Анамды Таразда ауруханаға алып барды. Дәрігерлер анамды алып қалды. Жөтел де болған жоқ. Өз аяғымен ауруханаға барған еді.

Маған хабарласып, “менде бәрі жақсы, уайымдама” деді. Мен “сіз алдап тұрсыз” деп сенбедім. Бірақ “менде бәрі жақсы” деп жақсы қоштасты. Соңғы сөйлескеніміз сол болды. Анам қайтыс болды. Сол күні әкем күні-бойы жүріп алды. Ертең көңіл айтатын адам келеді, тынығып алсаңызшы дедім. Ол кісі “Балам, маған арсыз ұйқының құшағына ен деп тұрсың ба?” деді. Біраздан кейін бөлмесіне кіріп бара жатыр екен. Анамсыз жалғыз кетіп бара жатқан әкемді көріп қатты қиналдым. Әкем сол жатқаннан тұрмады. Анамның жетісін жасағанда әрең тұрғыздық. Тұрғысы келмеді. Еш жері ауырмады.

“Мына індеттің беті жаман. Жастарды қыратын түрі бар. Мен бұл індет үшін басымды тіктім. Мен өзімді өлімге қидым. Мен өлімге дайынмын деді. Құдай мені алсын. Жастар аман болсын. Жастардың амандығын тілеймін. Жастар ауырмасын деді. Тек дәретке шығып жүрді. Еш жері ауырған жоқ. Сол жатқаннан екі апта өткенде жүріп кетті. Ешкімді қасына жолатпады. Бала-шағасын өзінен аулақ ұстады. “Менде бәрі жақсы, мен бәріне ризамын, мен Құдайға ризамын. Бала-шағам бар, бәрі үйлі-жайлы, бәрі аман. Солардың амандығын тілеймін. Мен бәріне ризамын”, – деді.

Ол кісі кеткісі келді. Мүмкін анамның артынан кеткісі келді. Анам қайтқанда “мен қамқоршымнан айырылдым” деп жылаған еді. Анамның қазасы әкеме ауыр тиді. Бұл мүмкін махаббаттарының беріктігі шығар. Мен ешқашан басын өлімге тіккен адам көрген емеспін. Әкем мен көрген бірінші адам. Мен әкемдей бола аламын ба? Мен әкем жасағанды жасай аламын ба, білмеймін. Әкем бізге осындай үлгі болып кетті. Мен асқар тауымнан айырылдым. Мөлдір бұлағымнан айырылдым”, – деді Медеуов.

Әнші анасының қазасынан бір, әкесінің қазасынан соң екі есе соққы алып, есеңгіреп қалды. Әкесі көзі тірісінде-ақ анасының қасына өзінен орын дайындатып, бірге қоршауды өтінген екен. Ұлдары әке тілегін орындады.

“Анам әкемді өте қызғанатын. Жақсы көргеннен шығар. Екеуінің махаббаты сондай берік еді. Әкем көшеге шығып қарап тұрса, “кімге қарап тұр екен?” деп қызғанып отыратын. Үйге басқа әйелдер келіп пышағын қайратып жатса, қасына барып тұратын. Анам өте мейірімді адам болды. Бәріне жаны ашып тұратын. Қайын жұртына қабағы ашық болды. Сондықтан да бәрі жақсы көретін. Бауырың жақсы көргенімен әйелінің қабағы қатулы болса, ол үйге ешкім келмейді. Бірақ анамды бәрі жақсы көрді. Бәрін өзіндей көретін. Әкеме “оларға көмектесейік” деп отыратын. Бәріне хабарласып, “көмір алдың ба, суыңды кіргіздің бе, отының бар ма, жарығың жанып тұр ма?” деп түгендеп отыратын. Бізді көмектес деп жұмсап жібереді. “Ағайындардың бірінің жағдайы болмай тұр” деп мені жіберетін. Елдің адамы еді. Әкем мен анам бізге сондай үлгі көрсетті. Әкем ешқашан зиянды әрекетке барған емес. Әкем ешқашан балағат сөз айтқан емес. Әкем ешқашан анамды ұрған емес. Анама балағат сөз айтып көрген емес. Сонысымен сыйлы еді. Анам онысын басынған емес. Қасынан бір елі қалса, іздеп отыратын”, – деді ол.

Әншінің әкесі ұста кісі болатын. Өмірінің соңғы айларында уәде еткен адамдарға ертоқым жасап таратқан. Ал анасы қыздарына бір-бір көрпе тігіп қалдырған. Бұл олардың балаларына берген аманаты іспетті.

“Әкем “Тоқтар Серікке бір ер тоқым уәде етіп едім, Жалғасқа уәде етіп едім деп ек ертоқым маған табыстады. Менің балама арнап екі ертоқым берді. Бұдан кейін “мен енді ертоқым жасамаймын” деді. Мен бұл сөзді неге айтты деп таңғалдым. Шаршап жүр ме екен деп уайымдадым. Анам да бәріне көрпе тігіп, қыздарына таратты. Ертең қарыз болып жүрмейін. Әжемнің көрпесі қайда деп жүрмесін деді. Мен енді тігін тікпеймін деген екен. Екеуі де өлерін сезгендей. Өмірмен қоштасқандай болды”, –деді Саят мырза.

Әнші өзіне қолдау көрсеткен, қазада қасынан табылған дос-жақындарына алғысын айтады.

“Қайғыны бөліссең азаяды дейді. Қасымнан табылды бәрі. Бәріне ризамын. Бәріне рақмет. Мен әке-шешемді сағындым. Жұмақтың иісі әке-шешеңнің иісі, баланың иісі. Мына өмірде ата-анасы барлар қадірін білсе екен. Хабарласса екен. Бетінен сүйсе екен. Сағындым, аңсаймын. Әкем өмірден озған күні анамды түсімде көрдім. Маған “уайымдама” деді. “Менде бәрі жақсы” деді. Әкемді алып кетуге келгендей болды. Сол түні әкем өмірден өтті. Мен ата-анама жұмақ тілеймін. Жұмақтық болса екен деймін”, – деді әнші көзіне жас ала.