Қалдыбек Құрманәлі, композитор: Енді Сәкенді өлтіруіміз керек пе?!
Бұл пікірін композитор Nege.kz сайтына берген сұхбатында айтты.
Композитор Қалдыбек Құрманәлі әлеуметтік желіде «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымының басшысы Сәкен Майғазиевті қолдап, жазба жариялады.
«Жазбада «Мен Сәкеннің заңгері де, адвокаты да емеспін» дедім. Қазір әлеуметтік желіде арнайы топ бар сияқты. Кезінде Түркістан облысы Ішкі саясат басқармасында басшылықта болдым. Сол кезден білемін. Бұл топ бір-бірін қолдайды немесе түтіп жейді.
Біріншіден, Сәкен – қазақтың белгілі азаматы, елге танымал тұлға. Егер ол қылмыс жасаған болса, оны тексеретін құзырлы орган өте көп. Олар сен атақты адамсың ба, әншісің бе, Мұхтар Шахановсың ба, Олжас Сүлейменовсің бе, беделіңе де қарамайды. Шын мәнінде, журналистер мен блогерлер БАҚ туралы заң шеңберінде құзырлы органдарға сауал жіберіп, ақпарат алуға құқы бар. Ал әлгі блогер қыз Қаржы полициясының тілшісі ме? «Сен жемқорсың! Ақша қайда?» деуге қандай құқы бар?
Сәкен есеп беруге міндетті емес. Сол орында отырсам, мен де есеп бермеймін! 595 млн теңге бөлінсе, бөлінген шығар. Сәкен ұры ма, жоқ па, ол үшін жауап беретін Шымкент қаласының Мәдениет басқармасы бар. Тіпті, мән-жайдың анық-қанығын әлгі тексеріп жатқан сандаған мекемеден сұрасын! Қазір Сәкен сұхбат бере алмайды. Менің қарамағымдағы маман сұхбат берсе, мойнын жұлып аламын. Оның да үстінде басшылар бар. Оның бәрін Сәкен айта бермейді ғой. Мен болсам «Әй, қарындасым, мені қазір тексеріп жатыр. Тексеріс біткен соң, не сотталамын, не таза болып шығамын. Сол кезде өзім іздеп сұхбат беремін» деп айтар едім. «Жуас түйе жүндеуге жақсы» деп Сәкен Майғазиевті жерден алып, жерге салуда. Ол өзі момын жігіт. Өткенде жас жазушы Аягүл Мантайға шабуыл жасаған сияқты, бәрі «ұрып» жатыр. Бұлай болмайды, заңды қатаңдатып, бәрін орнына қою керек» деді композитор.